Биліктегі ауыс-түйіс: 15 мемлекеттік қызметкер отставкаға кетті

1917
Adyrna.kz Telegram

108 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызметкерлердің 15-і отставкаға кеткен. Қазір жол картасының негізінде маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталды. Оған биыл шамамен 325 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сол себепті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау маңызды болып тұр.

Бұл жөнінде Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Бір айтарлығы, қаржылық тәртіп сақтала бермейді. Мәселен, былтырдың өзінде Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 72 факті бойынша материал беріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 28 қылмыстық жағдайды тіркеген. 23 адам жауапкершілікке тартылды. Прокуратура 331 қадағалау актісін енгізді. 493 адам тәртіптік жауапкершілікке, 540 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жиында мемлекеттік хатшы агенттіктің жаңа төрағасынан Президент тапсырмасының орындалу барысын сұрады.

«Біздің комиссиямызға жаңадан қосылған мүшені таныстыра кетейін. ҚР СЖҚІҚ Агенттігінің төрағасы Марат Мұратұлы Ахметжанов комиссия атынан сіздің жауапты қызметіңізге сәттілік тілейміз! Марат Мұратұлы сізді тағайындау сәтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында айқын бағыттарды белгілеп берді. Оның ішінде әсіресе, агенттік қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеу туралы нақты тапсырма берілген болатын. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы комиссияға қысқаша ақпарат беруіңізді сұраймын», - дейді ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер