Бесланнан Қазанға дейін

3717
Adyrna.kz Telegram

11 мамыр күні Ресей халқы дүр сілкінді. 19 жастағы лаңкес Татарстан астанасы Қазан қаласында №175 мектепке шабуыл жасап, оқушыларды қырып салды. Алайда бұл Ресей тарихындағы мектепке жасалған алғашқы шабуыл емес. 

2004 жылдың 1 қыркүйегінде лаңкестер тобы Беслан қаласындағы (Солтүстік Осетия-Алания Республикасы) №1 мектепті басып алды. Шабуыл жасағандардың нақты саны анықталған жоқ, ресми тергеу 32 содыр туралы айтады. Ал куәгерлердің айғақтары олардың саны әлдеқайда көп болды дейді.

Лаңкестер 1128 адамды кепілге алды, олардың көпшілігі балалар болатын. Әлем халқы үш күн бойы содырлар басып алған мектепке назарын аударды. Билік пен лаңкестер арасындағы келісім сәтсіз аяқталып, мектепті әскерилер күшпен азат етуге шешім қабылдады. Бұл көптеген адамның қазасына әкелді. 333 адам қаза тапты, оның ішінде 186 оқушы болатын. Беслан оқиғасын орыс-шешен соғысының ең қанды оқиғасы ретінде атайды. Алайда бұл оқиғаға Ресей билігінің тікелей қатысы бар деген болжамдар да жоқ емес.

2018 жылдың 17 қазанында Керчь политехникалық колледжіне шабуыл жасалды.  Шабуыл алдында жойқын жарылыс болып, артынша қаруланған лаңкес колледжке басып кірді.  Шабуыл салдарынан 20 адам қайтыс болып, 65 адам жарақат алды. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті шабуыл жасаушының кім екенін бірден анықтады. Ол колледждің төртінші курс студенті, 18 жастағы Владислав Росляков болып шықты. Ол ауыр жарақатпен колледж ғимаратының бірінен табылды. Көп ұзамай ол жарақаттан көз жұмды. Оқиға фактісі бойынша Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 205-бабы («Террорлық акт») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда көп ұзамай оны Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабының 2-бөлігіне ауыстырды. «Екі немесе одан да көп адамды жалпы қауіпті тәсілмен өлтіру» деген айып тағылды. 2019 жылдың сәуірінде Бүкілресейлік мемлекеттік әділет университетінде өткен дәрісте сөйлеген Ресей Федерациясы Тергеу Комитетінің Төрағасы Александр Бастрыкин Керчь колледжінде болған атыстың себебін «лаікеске колледж қабырғасында жасалған қысымнан» деп атады. Бастрыкиннің айтуынша, Владислав Росляков «өзінің сыныптастары тарапынан үнемі қорлық көрген».

2021 жылдың 11 мамырында Татарстан астанасында өзін «құдай» деп атаған 19 жастағы Ильназ Галявиев мектеп оқушылары мен мектеп қызметкерлерін атып тастады. 8 минут ішінде кем дегенде тоғыз адам қайтыс болып, тағы 23 адам жарақат алды. Қаза тапқандардың ішінде 7 оқушы бар. Лаңкес шабуылға тиянақты дайындалған. Ол арнайы қару сатып алып, заңды негізде тіркеткен. Сондықтан еш қиындықсыз шабуылға бірнеше күн қалғанда 200 оқ сатып алуға мүмкіндік алған. Мектепке шабуыл жасайтын күні таңертең келіп, сабақ кестесін, қоңырау уақытын біліп алған. Артынша әлеуметтік желіге "көптеген адамдарды өлтіретінін" жазып, қаруын асынып, мектепке келген. Солайша өзінің қылмысын іске асырған. Қазіргі таңда ол тергеуде отыр.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер