Қазан мектебіндегі атыс бізге сабақ болуы керек - Аймағамбетов

3264
Adyrna.kz Telegram

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазан қаласында болған қанды қырғынға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазан қаласының мектебінде болған террорлық акт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырған жоқ, әрқайсымыздың жүрегімізге ауыр тиіп, зор күйзеліспен қабылдадық. Біз осы қайғылы оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Кеше осы мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Осы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым, – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, бұл тек қауіпсіздік амалдарына қатысты емес, оқушылардың мінез-құлқына тікелей қатысты екенін де баса айтты.

Психологиялық қызметтердің жұмысына және қолайлы жағдайлар жасауға назар аудару керек. Бұл – үлкен және бірлескен жұмыс. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайды жасауымыз қажет, – деп сөзін сабақтады Білім және ғылым министрі.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер