Әйелін өлтірді деген күдікпен 58 жастағы СҚО тұрғыны ұсталды

3136
Adyrna.kz Telegram

СҚО-да әйелін өлтірді деген күдікпен 58 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«10 мамыр күні сағат 17.15-те Тимирязев ауданының полиция бөліміне аудан орталығы Тимирязеводағы үйлердің бірінен атылған оқтың дауысы естілгені туралы қоңырау түсті. Полицейлер оқиға орнына келгеннен кейін үйдің ауласында 1962 жылы туған әйелдің мүрдесін анықтады, сондай-ақ үйде атыс жарақатымен 2007 жылы туған қыз болған. Қыз бала Тимирязев аудандық ауруханасына жеткізілді»,–делінген хабарламада.

1962 жылы туған үйдің иесі алкогольдік масаң күйде әйелімен жанжал кезінде «ИЖ» маркалы қарудан атқаны, нәтижесінде әйел сол жерде көз жұмғаны белгілі болды. Үйде бірге болған немересі атыс жарақатын алған.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру); ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 1,14-тармақтары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Істің мән-жайын жан-жақты тексеруге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер