Грузияда қайтыс болған қазақстандықтың анасы мәлімдеме жасады

3046
Adyrna.kz Telegram

Грузияда қаза тапқан қазақстандық қыздың анасы Айсұлу Айтбаева грузин журналистерге қызы Әсел Айтбаеваның өліміне қатысты жаңа мәлімет айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, ол соңғы рет Әселдің өліміне дейін қызымен екі сағат бұрын сөйлескен. Анасының айтуынша, қызы одан қонаққа келуін сұраған. Кейін Әсел Айтбаева қайтыс болғанын білген соң, ол Грузияға мәйітті тану үшін ұшып барған.

«Қиын күн болды, баламды анықтауға бардым. Иә, шынымен ол болып шықты. Мен бәрібір оны өлтірді деген ойдамын. Аудиоқоңырауға сүйеніп отырмын, онда бәрі бар. Бұл суицид емес. Маған Әселді итеріп жіберген сәтті көршілер видеоға түсіріп алғанын айтты. Ол адам болса, полиция бөлімшесіне баруды сұраймын. Бүгін кешке қызымның денесін Қазақстанға алып кетемін», - деді Айсұлу Айтбаева.

Ол қызын бірнеше ер адам өлтірді деп күдіктенетінін айтты. Марқұмның анасы олардың бірі Қазақстанға қайтып үлгергенін атап өтті. Осыған байланысты ол екі елдің билігінен күдіктілердің бірін Грузияға депортациялауға көмектесуін сұрады.

Әсел Айтбаеваны жерлеу рәсімі, туыстарының айтуынша,  бүрсігүні Нұр-Сұлтан маңындағы Қабанбай батыр ауылында өтеді.

Бұған дейін Грузияда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтбаева жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны хабарланған еді.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әсел қайтыс боларының алдында құрбысына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода белгісіз ер адам оған қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны естіледі.

Кейін Грузия прокуратурасы қыз қайтыс болғанға дейін зорланғанын мәлімдеді. Қылмыс жасады деген күдікті Бесик Тордуа келесі күні ұсталды. Оның кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар грузиялық БАҚ қазақстандық қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген күдіктінің суретін жариялады. Ол сот басталғанға дейін қамауға алынды. Іс бойынша алдын ала тыңдау 23 маусымда өтеді.

БАҚ мәліметінше, қайтыс болған қыз Грузияға сәуірде жұмысқа кеткен. Алдымен ол Рустави қаласында туыстарымен бірге тұрған, ал екі апта бұрын Тбилисиге көшкен.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер