Жүздеген мың казак Гитлер жағында неге соғысты?

2654

Мектептегі тарихи кітаптарда бұл жайында көп айтылмаса да, вермахт жағында казак әскерлері көп болған. Ғасырлар бойы Ресей империясының жазалаушы жасағы рөлін сомдаған казак жасақтарының Германияға өтіп кетуінің өз тарихи себептері де бар. Ресей империясы құлар сәтте казактар екіге жарылды. Бірі жаңа билікті қолдаса, бірі ақтар жағына шығып, соғысты. Кейіннен жеңіске жеткен коммунистер ол тарихи сәтті ұмытқан жоқ. Жаңа билік олардың дәрежелерін төмендетіп, жерлерін тартып алды. Күштеп басқа аймақтарға қоныстандырды. Қызылдар жағында болған казактарға ғана әскери қызмет алуға рұқсат етті. Осындай қудалау саясатының кесірінен мыңдаған, тіпті жүздеген мың казак қаза тапқан деген деректер бар. Бірақ 30-жылдары КСРО кенеттен казактарға іші жыли қалды. Олар казак жасақтарын қайтадан әскерге алуды ойлап, 1936 жылы рұқсат етті. Сөйтіп ақырындап қайтадан казачестволар қалпына келе бастады.

1941 жылы соғыс басталды. Көптеген казак жасақтары КСРО үшін жан беріп жатқанда, тарихи еңбектерін ұмытып, 20-30 жылдары қырғын салған коммунистік биліктің қылмысын кешіре алмаған казактар вермахт жағына өтіп кетті. Көбіне СС-тің құрамында соғысқан олар жан аямай шайқасты. Тіпті Гитлердің өзі ерліктеріне сүйсініп, хат жолдаған деседі.

1943 жылы 10-қаңтарға Вермахт әскерінің құрамында болған казактардан «Казачий Стан» ұйымы құрылды. Онда 110 мың казактар бар еді. Ерлер, әйелдер, балалар. Көбіне казак жасақтары кеңестік партизандарға қарсы соғысты. Италия мен Польшада антигермандық жасақтарға қарсы операциялар жүргізді. Казак жасақтары 1944 жылдан бастап АҚШ сарбаздарына қарсы ұрыстарға қатысты. Ал Германия талқандалғаннан кейін, 50 мың казак ағылшын жасақтарының қолына түсіп, 1945 жылы 28-мамыр мен 5-маусым аралығында КСРО-ға берілді. Бұл Мәскеу мен Лондон арасындағы өзара келісім аясында іске асқан болатын. Көбіне казактар «Килхол» операциясының аясында Мәскеуге берілді. Казак жасақтарының қолбасшылары Краснов П. Н, Краснов С. Н, Шкуро А. Г өлім жазасына кесіліп, 1947 жылы дарға асылды. Мыңдаған казак лагерьлерге айдалды. 1955 жылы ғана Германия жағында соғысқан кеңес азаматтарына амнистия жарияланғаннан кейін ғана, бірқатары босатылды. Ал Ресейде әлі күнге дейін бұл тақырып жабық күйінде тұр.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы