Лукашенко қайтыс болған жағдайда биліктің ауысуы туралы Жарлыққа қол қойды

3441
Adyrna.kz Telegram

Беларусияда «Егемендікті және конституциялық құрылысты қорғау туралы» 2021 жылғы 9 мамырдағы № 2 декретке қол қойылды. Құжатта Александр Лукашенко қайтыс болған жағдайда биліктің Қауіпсіздік кеңесіне өтуі қарастырылады. Бұл туралы оның баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжаттың толық мәтіні әзірге жарияланбады. Хабарламада қастандық жасау, терроризм актісі, сыртқы агрессия және өзге де күш қолдану әрекеттері салдарынан Мемлекет басшысы қаза тапқан жағдайда барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары премьер-министр төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес әрекет ететіндері айтылған.

Бұл ретте ел аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы дереу енгізіледі, ал Қауіпсіздік кеңесі оларды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар тізбесін айқындайды. Кеңес бекеткен шешім міндетті түрде орындалуы тиіс.

Негізгі мәселе – сайлауды өткізу жоспары. Қауіпсіздік кеңесі әкімдердің қатысуымен шараны жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Жарлық елдің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтауға бағытталған. Құжат қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер