Лавров: Қазақстанның аумақтық тұтастығын толықтай қолдаймыз

3788
Adyrna.kz Telegram

Ресейлік саясаткерлер Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы арандатушылық мәлімдемелер жасай отырып өздеріне назар аударуға тырысып жатыр. Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтындар мұндай сөзді ешқашан айтпаған, айтпайды да. Бұл туралы Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Лавров Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға қатысты даулы мәлімдемелеріне пікір білдіргенде айтты.

"Саясаткерлер өз карьерасын әртүрлі жолмен құрады. Сенсация іздейтін саясаткерлер бар. Өте даулы болып көрінетін сұрақтарды қозғаса, жұмсақ айтсам, оларды ұмытып кетпеуі үшін адамдардың назары ауады деп ойлайтын саясаткерлер де бар. Бізде қалай айтатынын білесіз бе: "Жақсы ма, жаман ба маңызды емес, ең бастысы - сен туралы газеттерде жазса болғаны". Мүмкін осыдан шығар.

Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын айқындайтын тұлғалардан ешқандай мәлімдемелер, біздің одақтастығымызды қалай дамытатынымыз туралы уағдаластықтардың кез келгеніне осы тұлғалардан қандай да бір күмән келтіретін ешқандай мәлімдемелер ешқашан айтылмады, айтылмайды да. Бұл келісімдер бір-біріміздің егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды, саяси тәуелсіздігімізді толық құрметтейтініміздің белгісі. Біз мемлекет басшылары келіскен және қол қойған, парламенттер мақұлдаған және заң саналатын, халықаралық құқықтың бөлігі болып табылатын құжаттар негізінде одақтастық қатынастарды дамытамыз", - деді Лавров.

Ресей СІМ басшысы саясаткерлердің, кейбір парламентшілердің мұндай күмәнді, кейде арандатушылық мәлімдемелері демократиялық өмірдің сөзсіз бөлігі екенін айтты.

"Ең бастысы, халықтарымыз арасындағы қалыпты қарым-қатынасты нығайтпайтын мәлімдемелер пікірталас клубтарында қалуы тиіс", - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов "Бірінші арнадағы" "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстан мүлде қоныстанбаған. Олар (қазақтар. - Ескерт.) әлдеқайда оңтүстікте болған. Және, шын мәнінде, Қазақстан аумағы - бұл Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Қазақстанда ресейлік депутаттың мәлімдемесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

Никоновтың өзі даулы сөзіне түсініктеме берді.

"Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР шекараларын айқындау кезінде Қазақстанның мүдделері толық көлемде сақталды деп ойлаймын. Бұл туралы "Большая игра" бағдарламасында осыны айтпақ болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бауырлас Қазақстан халқына деген ең жылы сезімдерімді тағы да білдіремін", - деп жазды Никонов Телеграм-каналында.

Пікірлер