Торттың 40 түрін жасай алатын 13 жасар аспазды білесіз бе?

7238
Adyrna.kz Telegram

Бейбарыс Сұлтан – талабы таудай бала. Орал қаласының тумасы бүгінде торттың 40 түрін әзірлей алады. «Адырна» тілшісі қатарластарының арасынан ерекше көзге түсетін дарынмен тілдесіп қайтты.

– Тортқа деген қызығушылығым 8 жасымнан басталды. Ең бірінші панкейк пен шоколадты бисквит пісіріп үйрендім. Дайындалу жолдарын ютубтан қарайтынмын. Бір қызығы, аспаздардың барлығы орыс тілінде сөйлейтін. Ол кезде кішкентай болғандықтан, не айтып жатқандарын аса қатты түсінбейтінмін. Сол себепті анамның көмегіне жүгініп, барлық мәліметті қазақшаға аудартып алатынмын. Сүйтіп тәтті тағамдарды өздігімнен дайындап жүрдім. Осы орайда әжемнің де еңбегін атап өткім келеді. Ол кісінің қалай бауырсақ, құймақ пісіретінін қарай отыра, көптеген тағамдарды жасап үйрендім.

Жас таланттың бұл өнерді меңгергеніне биыл 5 жыл толады.

– Бүгінде торттар мен десерттердің 40 түрін пісіре аламын. Одан бөлек, ыстық тамақтар мен түрлі тіске басарларды әзірлеу қолымнан келеді. Грузин асханасын жақсы көремін. Ата-анам қонаққа кеткен кезде ютубқа кіріп, жаңа тағамдардың дайындалу жолдарын қараймын. Осылайша эксперимент жасағанды ұнатамын. Қолым бос кезде түскі ас пен кешкі асты да жасап тұрамын.

Қазіргі таңда Бейбарыс хоббиін кәсібіне айналдырған. Ол әңгіме барысында тәттілерге тапсырыс берушілердің көп екенін жеткізді.

– Бір күнде ең көп дегенде 4-5 торт жасай аламын. Кей күндері тапсырыс өте көп түсіп қалады. Сондай сәттерде барлығын жасап үлгеріп, клиенттерімнің көңілінен шығуға барымды саламын.

Жеткіншек замандастарының сүйікті ісіне деген көзқарасын айтып берді.

– Сыныптастарымның 80 пайызы торт жасайтынымды біледі. Көпшілігі қолдап, мотивация беріп жатады. «Жарайсың, тек алға» деп өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жүреді.

Арманы асқақ, мақсаты айқын..

– Өскенде атақты кондитер болуды армандаймын. Сондай-ақ әрбір қаладан өзімнің дүкенімді ашқым келеді. Көрші Ресей елінде тұратын кондитерлік өнімдердің шебері Ренат Агзамовты үлгі тұтамын. Болашақта сол кісінің деңгейіне дейін жетсем бе деген мақсатым бар.

Бейбарыстың пікірінше, ниеті түзу кез келген адам жаңа дүниені қиындықсыз меңгере алады.

– Кейбір адамдар сені жігерлендірсе, кейбірі өскеніңді көре алмайды. Сондай адамдарға мән бермеу қажет. Керісінше, арманыңды ақиқатқа айналдыруға әрекет ет. Егер сен кондитер болғың келсе, қолыңды қазірден бастап үйрете бер. Шыны керек, XXI ғасырда үйренуге барлық жағдай жасалған. Түрлі платформалар, мастер-кластар бар. Тіпті ютубта ненің қалай жасалатынын басынан аяғына дейін көрсетеді. Бастысы — ниет пен ынтаның болуы.

Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер