Қазақстан мен Қытай Қорғас өзенінде су қоймасын салмақ

3143
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Қытай Қорғас өзенінде бірлескен Достық су электр кешенінде су қоймасын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл су қойманы салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл шешімді су ресурстары комитетінің «Казводхоз» РМК бас директоры Алтай Елжасов аймаққа жұмыс сапары барысында қабылдады.

Достық су электр кешені Қытаймен шекарада, Қорғас трансшекаралық өзенінде орналасқан. Кешен 2013 жылы қолданысқа берілді. Оның аумағы 14,5 мың гектарды құрайды. Ал құрылымның сыйымдылығы - 456,0 м3/с.

Үкіметтің айтуынша, кейінгі үш жылда көрші мемлекеттен аздаған ағын су келіп, климаттық ауытқу болған. Аталмыш мәселені шешудің жалғыз жолы – Қорғас өзеніне су қоймасын салу болып отыр.

«Біздің аудандағы басты мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі. Бұл экологиялық жағдаймен тікелей байланысты. Шындығында тауларда мұздықтардың азаюы байқалады. Ал бұл судың аз мөлшерде келуіне әкеледі. Екі ел де осы өзен суымен бірдей бөліседі. Алайда жеткізілетін су өзен арнасы бойымен өтетіндіктен, су қоймасын салу арқылы мәселені түбегейлі шешуге болады», – деді «Казводхоз» Алматы филиалының Панфилов өндірістік учаскесінің бастығы Тұрысбек Нұрахметов.

Жергілікті әкімдік аталмыш жобаны үкімет пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауына жібереді деп күтіп отыр. Ал Қазақстан үкіметі Қытаймен суды бөлу туралы келіссөздер жүргізуді бастап кетті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер