Қытайдың Шыңжаң аймағындағы көне мешіттің бірі мейрамхана мен қонақ үйге айналған. Бұл туралы RFA агенттігі жазды. Құлжа қаласындағы мешітті бірнеше жыл бұрын Шыңжаң билігі Бейжіңдік кәсіпкерге жалға берген. Кәсіпкер мешітті қонақ үй мен мейрамханаға айналдырып жіберген.
Facebook пен Twitter әлеуметтік желісіне ұйғыр халқының өкілдері аталмыш мешітте түсірілген видеоны жариялаған. Онда ұйғыр ұлтының бишілері би билеп, қонақтар сәждеге жығылатын жерде шай ішіп отырғанын көруге болады. RFA агенттігінің зерттеуі бойынша мешітті Бейжіңдік кәсіпкер 2019 жылы жалға алып, оны туристерге арнап мейрамхана мен қонақ үй кешені бар орталыққа айналдырған. Ghulja Daily ақпараттың агенттігінің мәліметіне сай, қонақ үй 2020 жылдан бастап жұмыс істеп жатқанын білуге болады. Ол қытайлық Gu Ying туристік компаниясына тиесілі көрінеді. Компанияның сайтында бұрынғы мешіттің қазіргі сипаты жазылған. Онда 9 демалыс бөлмесі, салтанат сарайы мен мейрамхана бар екені жазылған. Бұрынғы мешіттің қазіргі көрінісі төмендегідей:
Қытай билігі бірнеше жыл қатарынан Шыңжаң аймағында саяси қудалау әдістерін қолданып келеді. Арнайы лагерьлерге аз ұлттарды қамап, мәжбүрлі түрде идеологиялық сабақтар өтуде. Оның ішінде қазақ, ұйғыр және өзге ұлт өкілдері де бар. Қытайдың бұл саясатын қатаң айыптаған Батыс Бейжіңге санкция салуды жалғастыруда.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы