Алматы облысында кәсіпкерлік қарқын алуда

2705
Adyrna.kz Telegram
фото @m.fotostrana.ru сайтынан алынған
фото @m.fotostrana.ru сайтынан алынған

Жетісу өңірі бизнеске қолайлы аймақтардың бірі һәм бірегейі. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017­­­-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы өңірде сәтті жүзеге асып келеді.

Өткен жылы бұл жоба бойынша өңірдің 3022 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкері бизнестің қыр-сырын үйреніп, 2039 адам жалпы сомасы 1,8 млрд.теңге қаржыландыруға қол жеткізді. Бұл да кәсіпкерліктің тамырын кеңге жаюға себеп. "Бастау Бизнес" өңірде алғаш жүзеге аса бастағаннан бері қаншама жетісулық тыңнан түрен салып кәсіп ашып нәпақасын жеп жүр. Құзіретті мекеме мамандарының сөзіне сенсек, 2017-2020 жылдар аралығында облыста «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 13 505 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, оның ішінде 5 137 жоба 74,2 млрд.теңге сомаға қаржыландырылды. Бұл жоба тек кәсіп ашушыларға ғана жәрдемдесіп жатқан жоқ, өңірдегі жұмыссыздық мәселесін оң жамбасқа шығаруға септесуде. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, үстіміздегі жылы 49 979 жұмыс орнын, оның ішінде 26 258 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылған, оның ішінде 110,6 жұмыс орны мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылған.

Ағымдағы жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 17,8 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіптік оқытуға, шағын несиелендіруге, гранттарға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға бағытталады. Бұл жобаның игілігін көріп жүргендердің бірі - Іле ауданының тұрғыны 52 жастағы Динар Дүйсенова. Оның кәсіпкерлік саласында жүргеніне биыл төрт жыл. Ол 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, оқыту жобасының алғашқы түлектерінің бірі болды. Сол кезде ол «Бастау Бизнес» арқылы мақсатын жүзеге асыратынына сенбеген еді.

Кейіпкеріміз мамандығы бойынша тері жөніндегі инженер-технолог және агрохимик. Ұзақ уақыт бойы кәсіпорындар мен ветеринарлық зертханаларда жұмыс істеді. Ол кезде шағын қожалығы болғанымен толыққанды кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қаражат қажет болды. Әрдайым өз ісін ашуды армандаған. Сондықтан «Бастау Бизнес» оқуына нақты жоспарымен келді. Мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімдерін шығаруды мақсат етті.

– Еліміз ауылшаруашылығын дамытуға бағыт алды. Бұл өз идеяларымызды жүзеге асырудың, ата-бабаларымыздың ісін жалғастырудың тамаша мүмкіндігі. Өз ауылымның өркендеуіне үлес қосып, Қазақстанның үздік 30 шаруашылығының қатарына қосылғым келеді. «Бастау» жобасына, кәсіпкерлер палатасына ризамын. Себебі өмірім түбегейлі өзгерді. Қай жерге барсам да адамдарға «Атамекенге» оқуға жазылып, жаңа дағдыларды үйренуге шақырамын, – дейді кәсіпкер.

2017 жылы Динар Дүйсенова «Игілік» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа сиыр, жылқы, ешкі және қой сатып алды. Шаруашылықтың жері кеңейді. Содан кейін олар сулугуни, брынза, ешкі сүтінен құрт жасай бастады.

– Әр апта сайын демалыс күнгі жәрмеңкеге қатысамыз. Онда өнімдеріміз лезде сатылып кетеді. Бәрі табиғи өнім. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 миллион теңге көлемінде несие алдық, – дейді кәсіпкер келіншек.

Динардың шаруа қожалығы ай сайын 500 литр сүт шығарып, сүттен қаймақ, май, айран, брынза, чечел, ірімшік, құрт, йогурт, сүзбе, сулугуни сияқты 12 түрлі өнім сата бастады. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты кәсіптің қарқыны төмендеді.

– Карантиндік шараларға байланысты жәрмеңкелер ұйымдастырылмаған соң өнімді өткізу қиынға соқты. Бұған қарамастан, биыл өнім көлемін ұлғайтуды мақсат тұтып отырмыз, – дейді Динар.

«Бастау» түлегі жас кәсіпкерлердің жобаларын ауылдық жерлерде іске асыруға шақырады. Себебі, ауылдарда ашылмаған кәсіп түрі көп әрі оны дамытуға мүмкіндіктер жеткілікті.

Динар бизнеспен қатар белсенді қоғамдық және қайырымдылық қызметін жүргізеді. Іле ауданы Междуреченск ауылының қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі бастамашыл әйелдер кеңесінің құрамында. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жүйелі түрде жан-жақты қолдап келеді.
Келесі кейіпкеріміз де "Бастау Бизнес" арқылы кәсібінің көсегесін көгертіп отыр. Көксу ауданында жас кәсіпкер Әлиаскерага Магеррамов темірден жасалатын бұйымдар өндіруді жолға қойды. Кәсіпкер цехында темір қақпаларын, әткеншектер, есіктер, қалқа және күркелер шығарады.

Әлиаскерага Магеррамов 29 жаста. Ол жоғары оқу орнын «халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген. Оқуды аяқтағаннан кейін экономист болып жұмыс істеді. Бірақ, жеке ісін дамытумен айналысқысы келген.

– Отбасымызда құрылыс дүкені болды. Біз оларды сатумен ғана емес, сондай-ақ өндіріспен де айналысамыз деп  шештік. Таныстарымның кеңесі бойынша кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Қажетті кеңес алдым. «Бастау Бизнес» курсына жазылып, онда кәсіпкерлік бойынша оқудан өттім, – дейді кәсіпкер жігіт.

Кәсіпкердің жобасы мемлекеттік қолдауға, екі миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Өткен жылы Әлиаскерага темірді лазерлік кесу бойынша заманауи жабдықтар сатып алып, металл құрылымдарын дайындау цехын іске қосты. Қазір цехта бес адам жұмыс істейді. Дайын өнімдерге деген тапсырыстар тек жеке азаматтардан ғана емес, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардан да келеді.

Цехтың артықшылықтарының бірі – заманауи жабдық болса, екінші ерекшелігі – бағасы. Әлиаскераганың айтуынша, ол бұйымдардың құнын халық үшін қолжетімді ұстауға тырысады. Кәсіпкер аймақ бойынша темір өнімдерін өндіруден жетекші орынға шығып, бұйым түрін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Болашақта LOFT стилінде өнімдер шығару көзделуде.

"Бастау Бизнес" нәтижесінде келесі кейіпкеріміз пандемиялық жағдайға қарамастан кәсіп ашып, бүгінде оны дөңгелетіп отыр. Тұрсынай Нүсіпжан Құлжа қаласында туып-өскен. Косметология саласында көпжылдық тәжірибесі бар. 2003 жылдан бастап ол «әдемі» бизнеспен айналысып келеді. Алайда, тек 2019 жылы өз ісін бастап, жеке салон ашуды ұйғарды. Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасына қатысты. Бір ай бойы бизнесті ашу мен жүргізудің қыр-сырымен танысып, кәсіпкер болуға үйренді.

– Клиенттерім меннен әрқашан: «Неге салон ашып, клиенттер санын көбейтпейсің?» деп сұрайтын. Содан мен мемлекеттік қолдауды пайдаланып, аппараттық косметология сияқты бағытты дамытуды шештім. Талдықорғанда бұл сала әлі дамымаған, бірақ бұл қызметтерге үлкен сұраныс бар, – дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Тұрсынай Нүсіпжанның жобасы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде грант алды. Алайда кәсібінің бастауы пандемия ушыға бастаған кезге тұспа-тұс келді. Еліміз бойынша кәсіпкерлік нысандарына шектеу шаралары енгізіле бастады.

– Пандемияға қарамастан сұлулық салонын аштым. Әрине, басында қиыншылықтар болды. Біз карантин шараларының жеңілдетілуін күттік. Осы кезде бизнес  бұл тәуекелге бару және басына іс түскен кезде тиімді шешімдерді табу мүмкіндігі екенін жақсылап түсіндім. Талдықорғандағы сауда үйлерінің бірінде орынды жалға алып, Кореядан жабдық сатып алдым, – деді кәсіпкер.

Салонда  түрлі косметологиялық қызметтер бар. Бетті аппараттық тазарту, бетті қара дақтар мен безеулерден тазарту, бет массажы, әжімдерге арналған маска. Қазір «Тұрсынай» сұлулық салонында жұмыс қызу. Енді кәсіпкер жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына қатысып, ол қаражатқа құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Оның арқасында жаңа жұмыс орны да ашылады.

Жалпы сарапшылар, Жетісу өңірін кәсіп бастауға және оны дөңгелетуге қолайлы аймақ санайды. Шынын да кәсіпкер атанып жүрген замандастар көп.

Пікірлер