Шымкентте ковидке қарсы 30 000 доза вакцина жеткізілді

1522
Adyrna.kz Telegram

Енді кез-келген қала тұрғыны жергілікті тіркелген емханасына барып, ковидке қарсы вакцина алуына болады. Бұл туралы бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзінше, екпеден алдын азамат міндетті түрде дәрігердің тексеруінен өтеді. Кері көрсетілімдер болмаса, өз еркімен келісім берген адамға ковидке қарсы вакцина салынады. Ковидке қарсы вакцина салдырғысы келген азаматтарға жергілікті емханаларында екпе егу жұмыстары жүргізіледі.

– Қала тұрғындарын ковидке қарсы вакцина салдыртуға шақырамыз. Өз еркімен келісім берген жағдайда, дәрігер міндетті түрде тексереді. Алда Ораза айын ескеріп, сенбі және жексенбі күндері де екпе егу пунктері қарқынды жұмыс істейтіндігін айтқым келеді. Вакцинаға кері көрсетілімі жоқ, 18 жастан асқан әрбір тұрғын вакцина алуға ниет етсе, жеке куәлігімен тіркелген емханасына бару қажет, – дейді Бақытжан Позилов.

Өз еркімен вакцина салдырғысы келетіндерді толықтай қамтамасыз ету үшін қалаға тағы 30 000 доза ковидке қарсы вакцина жеткізілді. Қазір қалада 37 екпе егу пункті бар. Оның 14-і мемлекеттік болса, қалғандары тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында халыққа қызмет көрсететін жекеменшік емдеу мекемелері.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер