Жетісуда робототехника тегін онлайн курсы ашылды

3749
Adyrna.kz Telegram

Талдықорғандағы NIS түлегі Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты. Курсқа робототехника бойынша үздік қазақстандық тренерлер мен американдық ЖОО профессорларының вебинарлары мен онлайн сабақтары енді. Оқыту «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының онлайн-мектебі базасында өтуде.

– Кішкентай кезімнен бастап мені құрастыру идеясы қызықтырды, сондықтан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында робототехника үйірмесіне жазылдым. Біздің жобаларымыз халықаралық аренада, Дүниежүзілік WRO роботтар олимпиадасында ұсынылады деп тіпті елестете алмадым. Жеңістер аз болған жоқ, енді мен робототехниканы оқығысы келетіндердің барлығына көмектесу үшін жаңа мақсат қойып отырмын, – дейді Даниил.

Д.Филимонов – World Robot Olympiad 2019 халықаралық кезеңінде «Open Senior» санатында үшінші орын, сондай-ақ, робототехника бойынша республикалық олимпиаданың алтын медальдарының (2018, 2019), ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық жарыстың бірінші дәрежелі дипломының (2019), «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Наурыз кездесулерінің екінші дәрежелі дипломының (2019) иегері.

Даниил өз тобымен бірге робототехника бойынша 10-нан астам тегін онлайн курсын, 25 сағаттық сабақты, 6 вебинарды әзірледі, сондай-ақ, Корнелл және Мичиган университеттерінің жүздеген қосымша материалдарын дайындады.

Оқыту кез-келген дайындық деңгейі бар қатысушыларға арналған. Робототехника негіздерінен бастап нейрондық желілерге дейін, практикада құралдармен жұмыс істеу үшін, тіпті, оқытушыларға арналған материалдарды да қамтиды. Сондай-ақ, платформада прогресті бақылауға арналған үй тапсырмалары мен тесттер бар. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде де қолжетімді.

Курс негізін қалаушы Антон Моргунов болып табылатын «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының қолдауымен құрылды. Антон – Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2017 жылғы түлегі, химия пәнінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, бүгінде MIT (Массачусетс технологиялық институты) Химия және биология факультетінің студенті.

Beyond Curriculum – математика, физика, химия, биология, география пәндерінен тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру платформасы.

Пікірлер