БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Технология болса әлем уысыңда, технология болмаса отар елсің!

6370
Adyrna.kz Telegram
Технология қазақ баласына керек. Технология құдіретті дүние. Кімнің қолында технология бар, сол өзін қорғайды.
Мысалы, кішкентай ғана шуруптың инженерлік сызбасы орасан ойлауды, мидың жұмыс күшін талап етеді. Әрбір элементі мұқият есептеледі. Стандартқа сай етіледі. Мұны есептеп, сызған, жасаған адам түсіне алады. Бұл технология жасаудың миллионнан бір бөлігіне жатады. Бұл мидың жұмысы. Қазақ баласы технология жасағысы келсе, бәрін жинастырып, мидың жұмысына көшуі керек. Әйтпесе технология түгілі тас та жоқ.
Елде практика жүзінде технологиялық салаға қаржы құятын инвесторлар шықса жақсы болар еді. Егер адал миллиардері мен есі дұрыс байлары болса, өткен 30 жылда бұл прогресс іске асуы керек еді. Егер олар ұры болса, олар бұл салаға ешқашан қаржы құймайды. Егер адалынан тапса, онда олар қаржы құяды. Адал еңбекпен табылған дүние адал идеяларға жұмыс жасайды.
Қазақша технология жасау жанашыр инвесторлар шықса ғана басталар еді. Егер де осылай жасаса, небір дарынды, технократ жастар қаптап шығады. Оған күмән жоқ. Уот, одан кейін идеясы бар ғұламаларды осы алаңға тарта бер. Талай мықты топты жарады. Талай мықты бәйгеге түседі. Ірікте сосын ішінен. Қазақ баласы технология жасамаса, отар болып кетуі мүмкін. Технология қазақ тілінде жасалса, тіл ғылым тіліне айналып, отарлықтан босайды. Тіл ғылымның тіліне айналмай, қазақ елінде даму болмайды. Бұл аксиома.
Тіл ғылымның тіліне айналуы үшін, сол тілмен ғылым жасалуы керек. Оны жасауға болады. Ғылымның тіліне айналған тілден ғана ұлттық бренд шығады. Ниет болса ол жасалады. Өзге жұртты өзіңе ұлттық ғылымыңмен ғана мойындатып, сыйлата аласың. Ұлттық заманауи құндылық, өркениет бәсекесі тек сенің тілің мен ұлттық болмысыңнан шыққан құндылықпен ғана өмірге келеді. Жапон, неміс, кәріс, еврей, американ, ағылшын бәрі де осылай жасап отыр.
Ееее, қазекем, бір біріміздің қара басымызға төніп, сынап-мінейтін кез емес. Қара басыңды емес, біліміңді сынға салар кез бұл. Басқа жолмен көп нәрсенің шешімін таппаймыз.
Технология, технология және технология!
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер