33 жастағы әйелді зорлаған екі ер адам қандай жаза алмақ?

2712
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысындағы Үштөбе қаласында 33 жастағы әйелді ұрып-соғып, зорлады деп айыпталған екі адамға қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

"НеМолчиKz"қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында сот үкімі шыққанын хабарлады. Қор өкілдері барлық сот отырысына қатысқан.

Қылмыс 2020 жылдың қазан айында жасалған. Ішімдікке сылқия тойып алған екі ер адам түнде ұйықтап жатқан жас келіншектің үйіне баса-көктеп кіріп, зорлаған. Әйел өзін қорғауға тырысып, зорлаушылардың екеуіне де пышақпен жеңіл жарақат салған, деп атап өтті Дина Таңсәрі. Нәтижесінде жалаңаш үйден қашып шығып, туыстарынан көмек сұраған.

Полиция күдіктілерді ұстап, Қылмыстық кодекстің 120-бабы екінші бөлігі (Зорлау) және 121-бабы бірінші бөлігі (Сексуалдық сипатта күш қолдану) бойынша тергеу жүргізді.

"Екеуі де кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Бірақ іс бойынша жиналған дәлелдерді ескере отырып, сот айыпталушылардың бірін 9 жыл 6 айға, екіншісін 10 жылға бас бостандығынан айырды", - деп хабарлады Қаратал аудандық сотының баспасөз қызметі.

Прокурор сотталушыларды 10 және 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот жазаны жеңілдететін кейбір жағдайларды ескерді (бірінің қарауында жас балалары бар болып шықты).

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер