Атырауда ашылған жұқпалы аурулар ауруханасы алғашқы пациенттерін қабылдады

648

Облыстық №2 инфекциялық ауруханасынан коронавирус індетін жұқтырған 20 науқас "Жедел жәрдеммен" тасымалданып, емін осы нысанда жалғастырады.

Әрі қарай науқастарды қабылдау жұмыстары жүргізіледі. Оған дейін облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова медициналық нысанды аралап, науқастарды емдеудегі дайындық жұмыстарымен танысты.

Былтыр NCOC компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары шеңберінде салынған медициналық нысан облыстық №2 инфекциялық аурухананың бөлімшесі саналады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, 200 орындық модульдік типтегі аурухана 4 блокқа бөлінген. Оның 180-і стационарлық төсекке және 20-сы реанимациялық кереует пен қарқынды терапияға арналған.

Аурухана құрылысы инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сай жасақталған. Мұнда диагностика және емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтармен – компьютерлік томографиямен, сандық рентген, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету және басқа да  аппаратармен қамтылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесі орнатылған. Әрбір палатадағы төсек-орынның әрқайсысында медбикені шақыру түймесі бар. Ал, оқшауланған бокстарға арнайы чиптер арқылы кіруге болады. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін де гемодиализ жасау қызметі қолға алынды, – деді Асхан Мархабайұлы.

Бүгінде облыстық №2 инфекциялық ауруханада коронавирус індетін жұқтырған 84 науқас ем қабылдауда. Оның 8-і жансақтау бөлімінде жатыр.

Науқастардың  ең үлкені – 92 жаста, ал ең кішісі – 30-да. Олардың бүгінгі жағдайлары бірқалыпты. Науқастардың қатарында 3 жүкті әйел де бар. Бұған дейін коронавируспен мектеп жасына дейінгі 2 бала ауырып, емделіп шығарылды. Ал, қазір балалар арасында аурушаңдық жоқ.  Бүгін ем алып жатқан пациенттердің 20-сын модульдік типтегі жаңа ауруханаға тасымалдаймыз. Олар қалған емдерін осы медициналық нысанда жалғастырады. Коронавирус індетін жұқтырған басқа науқастар бүгіннен бастап осы орында қабылданады. Сондай-ақ, бұл ауруханада полимеразалық тізбекті реакцияға (ПТР) талдау жасайтын орталықтандырылған вирусологиялық зертхана жұмыс жасайды. Мұнда тәулігіне 3000 науқастың талдамаларын тексеруге мүмкіндік бар. Бұған дейін мемлекеттік ПТР зертханасы Геолог емханасында жұмыс жасады. Бүгінде бұл зертхана осы нысандағы қызметке біріктірілуде, – деді облыстық №2 инфекциялық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Надя Ерғалиева.

Бүгінде медициналық мекеме науқастарды қабылдауға толық дайын. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жасалған жұмыстарға оң баға берді.

Бүгін өңірде мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің бастамасымен ірі мұнай компаниясының демеушілігімен салынған жаңа медициналық нысанның есігін ашып, науқастарды қабылдауға дайындық жұмыстарымен танысып шықтым. Аурухана жоғары деңгейдегі арнайы тазалық жұмыстарымен қамтылған. Мұнда дәрігерлер ауысым бойы арнайы қорғаныш киімдерімен қызмет етеді. Мен жарты сағат қана осы киіммен жүргенімде бұлайша қызмет етудің ауырлығын жете сезіндім. Бізде әрбір дәрігер бір жыл бойы отбасынан жырақта, әр науқастың өмірі үшін осылай жүріп күресті. Олардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Сондықтан, біз ақхалатты абзал жандардың алдында ерекше бас иеміз. Өйткені, дәрігерлердің батырлыққа тән еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Бүгін осы ауруханаға ем іздей келген әрбір науқастың дертіне шипа тауып, жанұясымен аман-есен қауышуына тілектеспіз. Бұл жерде медициналық қызмет барлық заманауи талаптарға сай жүргізіледі. Алғашқы толқындағыдай қиындықтар болмайды деп сенемін, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.

Айта кетейік, жаңа ауруханада науқастарға алдын ала толық дайындық курстарынан өткен 15 дәрігер-инфекционист, реаниматолог қызмет етеді.​

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket