(Көпентануға кіріспе)
Бала кезімізде Қиыр Шығыс жақтан ғой деймін, сымдай тартылған бір офицер тынбай сатиралық дүниелер жазып тұратын. Әр жазғаны нысанаға дөп тиеді. Күлкіден өле жаздайсың. Тапқырлығына таңдай қағасың. Тіпті әскерде жүрсе де әркіммен әзілдесуге уақыт табатын бұл неғылған адам деп таңғаласың...
Оқуға түстік. Әлгі офицердің сатиралық өлеңдері мен шымшыма шумақтарын қатардағы жауынгер Құтмағамбет Қонысбаев екіленіп тұрып, жатқа айтатын. «Әкең семіз бе? Семіз! Шешең семіз бе? Семіз! Ертіп әкелейін, екеуін де жеңіз!», – деп екі иығын жұлып жейтін өрт сөндірушілер отрядының сайыпқыран сарбазы. Сөйтіп, әскери әскериді алыстан танитынын айқын аңғартатын.Сықақ өлеңдерінің соңына «К.Әмірбеков, офицер» деп қол қоятыны болмаса, Көпен көкеміз біз ойлағандай, генералдықты көздеп жүрген кісі емес екен... Қалың шинель киіп ап, белін жалпақ буып ап, өлең өлкесінде жүрген өз адамымыз болып шықты. Жазу өнерінің жандаралына айналды. Сатираның сарбазынан сардарына дейінгі жемісті жолдан өтті.
Бесінші курста оқып жүргенімде журфактың темірдей қатты деканы Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен «Бүгінгі қазақ пародиясы» деген тақырып бойынша диплом жұмысын жаздым. Рецензентім – сол тұста дүниені дүрілдетіп тұрған Көпен Әмірбек. Мен оны іздеп, «Ара» журналының редакциясына келдім. Ағам шілденің аптабында қайнап тұрған бөлмесінде су жаңа пиджак киіп, шоқпардай галстук тағып қылғынып отыр екен. Жетіскеннен емес əрине, журналдың жауапты хатшылығына беку үшін дәу ЦеКаға бармақ... Цекасы бар болғыр, "əне-міне" деп емексіткенімен, жуық арада шақыра қоймай қинайды. Соған қарамастан ми қайнатқан ыстықта пысынап отырып, дипломыма қатырып тұрып пікір жазып, шиырып тұрып қол қойып, қағазымның етегіне құлаштап тұрып мөр басып берді. Сөйтіп, не десең, о де, мен алғашқы ғылыми жұмысыма әдепкі батаны басқадан емес, күлкі корифейінің өзінен алдым.
Көпен ағамның юморлық сезімі көл-көсір. Кез-келген жерден күлкінің көзін, көзін емес-ау сарқылмас кенін табады. Тастан күлкі табылар аңдығанға... Әр сөзі мақал-мәтел секілді дөңгеленіп түсіп, миыңа шегеленіп қалады. «Көпен келе жатыр!» деген сөз тіркесі баспасөздің брендіне айналғалы қашан. Сол Көпен ағам әр келген сайын күлкіге қарық қып кетеді...
Туған күніңіз құтты болсын,
Күлкістанның королі! Қансонарда күлкі аулай беріңіз!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ