Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактаты жайында

2099

Шәкәрімнің шығармашылық рухани жағынан қалыптасу жолы дала қазағының арнайы оқу орнында оқып, даярланбаған қалпын көрсетеді. Алайда өздігімен араб, парсы, шағатай, орыс тілін үйреніп, сол тілдерде жазылған рухани қазына көздерін тереңдей меңгеріп, шыншылдықпен ой қорытқан дала ойшылын көреміз.

Шәкәрімнің даналық, ойшылдық, философиялық танымының кеңдігіне ауқымды әрі жан-жақты кітапханасының әсері мол болғанын жасыра алмаймыз. Тіпті, Шәкәрім оқыған авторларын өзінің шығармаларында сөз еткені бар. Еңбектерінде көрсетілген авторлардан жазушының әлемдік философияны меңгергенін танытады.

Филология ғылымдарының докторы, Мекемтас Мырзахметұлы: «Шәкірім «Үш анық» деп аталатын философиялық трактатын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған тергенін өз ой көрігінен өткізіп қорытынды 1928 жылы аяқталғанын көреміз», [1,5] – деп айтылған сөздерден аңғаратынымыз жазушының «Үш анық» философиялық трактаты орасан зор білім мен тәжірибенің нәтижесінде қолымыза түскен екен.    «Үш анық» трактаты 1991 жылы ғана басылымға шығады және де осы уақытқа дейін қолжазба ретінде халық арасында таралған.

«Үш анықта» таратылатын негізгі ой Абайдың мораль философиясымен терең байланыста екенін байқаймыз.  Ақынның жан құмары мәселесін одан әрі жалғастыруды Шәкірім халқының алдындағы борышы ретінде алып,  Абайдағы мораль философиясына ерте қадам басады.

«Үш анықты» жазу барысында Шәкірім айтарлықтай білімін тереңдете түсіп, жан-жақты ізденіс жолында болғанын айта кету керек. Рухани қазына жинау кезінде Шығыс пен Батыстың идеолистік, материалистік философиясымен етене, тығыз байланыс құрағанын келесі қатарлармен дәлел қылсақ:

                                            Жан деген не,

                                            Мүлде өле ме,

                                            Шын жоғалып сөне ме?

                                            Дене жөн деп,

                                            Жоғары өрлеп,

                                         Жаның мен деп келе ме? [1,6 ]-

деп қазақ даласының ойшыл философы  сырға толы мәселені аңғарған емес пе? Бұл арқылы Шәкәрім біріншіден, затшылдық ғылым жолындағы түсінікпен, екіншіден, діни таным, теологтардың көзқарастарын бірінші және екінші аныққа жатқызады:

                                Іздедім, таптым анығын

                                Тастадым ескі танығын, -

деп бар өмірін сарп етіп іздеу салған үшінші анықты ортаға шығарады. Үшінші анық деп отырғанымыз Абайдың молынан айтылған мораль  философиясындағы жан құмарымен тығыз байланысқа түсіп, ұждан жайында әр заманда сөз болған үлкен мәселені қозғайды. Шәкірімнің жылдар бойы ғылыми-шығармашылық ізденістенінен туған ой қорытуы:

                               Еңбекпен, өрнекпенен

                               Өнер ойға толықса,

                               Жайнар көңіл, қайнар өмір

                               Ар ілімі оқылса, -

деген жолдарда Шәкәрімнің үшінші анығы тұжырымдалғаны айқын-ақ! Ғалымның негізгі мақсаты ар түзейтін ғылымды табу және де сол ізденіс жолына ғұмырын арнау болған.

          Жоғарыда айтылған әр ілімі тікелей немесе жанама түрде әлем философиясымен, оның ішінде Батыс пен Шығыс ойшылдарының жазған еңбектеріндегі мораль философиясымен ұштасып келеді де, турасын Шәкәрім өлең жолдарымен көрсетеді:

                                 Отыз жылда жиғаным,

                                 Сау ақыл менің иманым.

                                 Аламын соған сиғанын, [1,5 ] -

деп – Абайдағы нұрлы ақыл түсінігімен сабақтастыра қарап,  өзіндік жан сырын ашады.

Шәкәрім Абайдан тәлім алып, оның сара жолын ең кемел түрде ұстанған шәкірті десек, артық айтпаған болармыз. Ғалымның тірі мен өліні, жаратылысты, болмысты зерттеу кезіндегі тұжырымы мынадай болған: «Мына әлем қайдан жаратылды, өздігінен пайда болды ма әлде жаратқан біреу бар ма, осы екі сауалдың қайсысы анық екенін білу – арқылы сау адамның міндеті», [2,197 ] -  деген Шәкәрім Батыстың материалистік бағыттағы Ч.Дарвин, Узен Тос, Морсла Шатр және т.б. философтарына қарсы пікір білдіріп, жан туралы айтқан ұстанымдарын сынға алады.

Оқырмандарға айтарымыз Шәкәрім ар, ұждан, адамгершілік мәселесін алғаш рет «Үш анығында» қозғамады, ол осы мәселені әр туындысында мыңдаған бөлшектреге бөліп, аз-аздан беріп, бойымызға, оймызға, өмірімізге сіңімді болғанын қалағаны бар.   «Үш анық» философиялық трактатында сөз болатын тұжырымдарға мысал бола алтын Шәкірмнің әңгімесі - «Ұждан».

Ғалымның еңбегіндегі басты мәселе төмендегі жолдарда жазылмақ: «Адамдағы: ынсап, әділет, мейрім үшеуі қосылып ұждан деген ұғым шығады. Мұны орысша совесть деп айтамыз... бұған нана алмаған адамның жүрегін еш бір ғылым, өнер, еш бір заң тазарта алмайды... ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылымен сынап істесе, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды» [1,5], - деген Шәкәрімнің терең толғанысы адам балаласын рухани жаңғыруға ден қоюға шақыру іспетті. Адамгершілік тәрбиесі қолға алынбаса, қоғам өзінің өмір сүруін тоқтатуы мүмкін деген үлкен дерттен айықтыратын еңбекті Шәкірм баршамызға ұсынып отырған жоқ па?

Таншолпан ТОХТАГАНОВА,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Данат ЖАНАТАЕВ,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құдайбердіұлы Ш.

Үш анық / ҚазССР Ғылым акад., М. О. Әуезов атын. Әдебиет және өнер ин-ты; Жауапты ред. А. Сейдімбетков Алматы: Қазақстан: «Ғақлия ғыл.-әдеби орталығы», 1991 – 80 бет.

2. Абай-Шәкәрім / жалпы ред. басқ. Қ. Әбдеұлы. Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 210 б.

Пікірлер
Редакция таңдауы