Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Егу іс-шараларын ҚАЖ-дың барлық аумақтық департаменттерінде жүргізу жоспарлануда.
«1 ақпаннан бастап Қазақстанда «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, халықты коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцинациялау басталды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № 3 қаулысына сәйкес жұқтыру қаупі жоғары, әсіресе вирус жұқтыруға және оның таралуына бейім адамдардың тізімі анықталды. Қазіргі уақытта осы науқанды халықтың тіркелу тізілімі шеңберінде ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын жұқтыру қаупі басым тобы арасында өткізу мәселесі пысықталуда»,-делінген хабарламада.
Егуді енгізу бойынша алғашқы мекеме астаналық қоныс-колониясы, яғни Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД ЕЦ-166/10 мекемесі болған.
Вакцинация жұмыстары 9 наурызда басталған. Осы кезеңде 100-ге жуық сотталғанға вакцинация сәтті жүргізілді, 60 адам препаратты қабылдаудан бас тартқан.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарының ҚАЖ жеке құрамы вакцинациядан өтті, қалған ҚАЖ департаменттері вакциналауды өткізу кестесіне сәйкес вакцинаны алады.
Егілетін адам өз еркімен келісімге немесе егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды. Процедура 21 күндік аралықта 2 кезеңнен тұрады.
COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізу алдында міндетті түрде егілетін адамды медициналық қызметкер қарайды, міндетті түрде термометрия жүргізіледі және егілетін адамда аллергиялық реакциялардың, созылмалы аурулардың болуына әңгімелесу жүргізіледі. Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар болған жағдайда үдемелі созылмалы аурулары және аллергиялық реакциялары бар науқастарға вакцинация жасалмайды.
Егілген адамдар 30 минут бойы медициналық бөлімде бақылауда болады. Медицина қызметкерлері мен ҚАЖ қызметкерлерін вакцинациялау Полиция департаменттерінің емханаларында, күдіктілерді, айыпталушылар мен сотталғандарды вакцинациялау пенитенциарлық жүйе мекемелерінің медициналық бөлімдерінде жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, елімізде барлығы 80 мекеме жұмыс істейді, онда ұсталатындардың саны шамамен 32 мың адамды құрайды.
«Адырна» ұлттық порталы