Кедейшілік деңгейі артқан Қазақстанның ертеңі қалай болмақ?

6217
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылы әлемдегі пандемия салдарынан орын алған коронадағдарыс елде кедейшілік деңгейін арттырып жіберді. Ресми мәліметтер бойынша пандемияға дейінгі кедейшілік деңгейі 4,2 %-ға дейін төмендеген болатын.

Ал кейінгі мәліметтерге сүйенетін болсақ, коронадағдарыс салдарынан кедейшілік деңгейі 5,7 %-ға өскен. Бұл дегеніміз 18,8 млн халықтың ішінде 1 млннан астам адам кедейшілік деңгейінде.

2020 жылдың шілде айында Дүниежүзілік Банктің «Дағдарысты еңсеру» атты Қазақстан экономикасы туралы баяндамасында еліміздің кедейшілік деңгейі жоспарланған 8,3 %-дан, 12,7 %-ға артуы мүмкін деп болжам жасаған болатын.

Бұл статистика шындыққа әлдеқайда жақын.

Дүниежүзілік Банктің есептеулеріне сүйенетін болсақ, егерде халықтың табысы күніне $5,5 доллар, яғни айына 70 мың теңге болса, онда кедей азаматтар қатарына қосылуы керек.

Ал Қазақстанда кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептелінеді. Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылы 32 668 теңге, қазір 2021 жылы 34 302 теңге болды. Еліміздегі кедейшілік деңгейін дүниежүзілік банк бойынша қарасақ екі еселенеді, яғни 1 млннан астам адам емес, 2 млн асып тұр.

Осы орайда неміс ғалымы Энгель «Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын, азық-түлік шығындары артады, ал керісінше табыс деңгейі артқан сайын, демалыс шығындары артады» - деген тұжырымы шындыққа айналады.

Ал біздің халық табысының 54 %-ын азық-түлікке жұмсайды, ал Еуропада бұл көрсеткіш 10-12%-дың арасында. Тіпті кейбір дамыған елдер табысының 8 % ғана азық-түлікке жұмсайды.

Мемлекетті кедейшілік деңгейі бойынша бөлуде, назар аударатын бір көрсеткіш бұл-ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім). ЖІӨ- мемлекет территориясындағы барлық өндірушілердің белгілі бір кезең ішінде өндірген түпкі тауарлары мен көрсеткен қызметтерінің нарықтық құнын білдіретін жиынтық көрсеткіш.

Осыған сәйкес еліміздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ $10 мың долларға жетпейді. 2013 жылы бұл көрсеткіш $13,6 мың долларға жеткен. 2015 жылдан бастап теңгенің құнсыздануы салдарынан, жан басына шаққандағы ЖІӨ $7 мың долларға дейін құлаған болатын. Ол уақыттан бері қарай әлі $10 мың долларға жетпей келеді.

Әлемдік стандарттар бойынша $20 мың доллардан жоғары болса бай елдер, $10 мың доллардан жоғары болса табысы орташа елдер, төмен болса кедей елдер деп танылады. Ал $2 мың доллардан төмен болса өте кедей елдер санатына жатқызылады.

Мемлекеттің алдындағы басты міндет, халықтың жалақысын арттыру. 2021 жылдан бастап бюджеттік қызмет саласының мамандары мұғалімдердің жалақысын 25 %-ға, дәрігерлер жалақысын 30%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл мемлекет тарапынан қабылданған дұрыс шешім.

Тұтынушылық себетте соңғы өзгеріс 2006 жылы болған, оның ішінде 43 тауар бар.

Сол кезеңнен бастап әлі де оның құрамы өзгерген жоқ. Салыстыра айтсақ Ресейде 150-ден астам, ал Еуропада 250-ден басталып, тіпті кейбір елдерде 700 тауарға дейін жетеді.

Көршілес Ресейде 2021 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтыну себетіне байланысты болмайды деген шешім қабылдаған болатын.

Ресей елінің Еңбек министрлігі күнкөріс минимумын шартты тұтыну себетіне байланыстырудан бас тартуды және бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы орташа медиандық табыстың 44,2% - ы ретінде есептеуді қолға алып жатыр. Бұл ұсынысты біздің елге де қолдануға болады.

ҚР Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы Қазақстандықтардың жалақысын зерттеу қорытындысын ұсынды, оған сәйкес орташа медиандық жалақы 142,3 мың теңге.

Яғни, онда еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 896,6 теңге, ал ең төменгі жалақы 50% - ы деп алсақ, ол күнкөріс шегінен жоғары болуы қажет 71 150 теңге болып шыға келеді.

Ал дамыған елдерде ең төменгі күнкөріс шегі медиандық табыстың 50 -60 пайызын құрайды екен.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист.

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер