Өскеменнен шыққан тұңғыш қари бала

3654
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы Өскемен қаласында Халифа Алтай құран жаттау орталығы ашылған болатын. Орталық шәкірттерді діни білімге баулып, Құран Кәрімді жаттамақ ниеттегі жас буынды екінші жыл қатарынан оқытып келеді. Биыл осы орталықтан ШҚО бойынша ең алғашқы болып Асан Сәкен Русланұлы қари атанып шықты.

Сәкеннің ұстазы, әрі қари Құдабаев Ербол Отанханұлы "Адырна" тілшісіне берген сұхбатында шәкіртінің алғырлығын атап өтті.

«Кез келген адам қари бола алады. Ол үшін үш-ақ нәрсе керек. Шынайы ниет, ыстық ықылас, үздіксіз еңбек. Сонда ғана адам қарилыққа жетпек. Сәкеннің бойында осы үш қасиет болды. Ол қари болу үшін 2,5 жыл еңбектенді. Тапсырманы беретінмін. Күнделікті тапсырманы, күндегісін бұлжытпай орындайтын. Үлгермей қалған жағдайда балалармен ойнауға да шықпай, құран жаттайтын. Оның зеректігі мен еңбекқорлығы осындай жетістікке жеткізді",- деді ол.

7-наурыз күні хан сарайындай мейрамханада Ербол ұстаз өзінің бесінші қариінің құрметіне той жасап, Ризабек Батталұлы, Ерсін Әміре, Бауыржан Әли, Жәкен Омаров, Қуат Қабдолда, Ардақ Назаров, Сәдуақас Олжабай сынды беделді кісілерді қонақ етті.

2,5 жылда Құранды толығымен жаттап, "нұрдан тәж киген" Сәкеннің әкесі Руслан Асанұлы көпшіліктің алдында көңілі босап: "Балам Құран жаттаса деп армандаушы едім, Аллаға шүкір дұғам қабыл болды"деп көз жасына ерік берді.

"Сәкен менің тұңғышым. Кішкентайынан Құран сүрелерін аз-аздан жаттатынмын. Әр жаттаған сүресіне сыйлық берем деп қуантатынмын. Бала кезінен зерек, алғыр болған балам, бүгін міне Аллаға шүкір 13 жасында қари атанды",-деп қуанышын білдірді Руслан мырза.

Сондай-ақ, Өскемен орталық мешіті Сәкенге "Кіші қажылыққа жолдама" сертификатын тарту етті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер