Қыдырәлі Болманов сүйінші жаңалығымен бөлісті

2426
Adyrna.kz Telegram

"Ұлытау" тобы Лос-Анджелесте ұйымдастырылған The Djooky Music Awards байқауында бірінші орын алды. Қуанышты хабарды топтың продюсері Қыдырәлі Болман мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы әншінің инстаграмына сілтеме жасап. 

Қыдырәлі Болманның жетекшілігімен топ АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауында рок-металл санаты бойынша жеңіске жетті. Топ Махамбет Өтемісұлының "Жұмыр қылыш" күйін орындаған.

Байқау онлайн дауыс беру арқылы өтті. Дауыс беру 27 ақпан таңғы 06.00-де басталып, 1 наурыз күні тоқтатылды.

"Бүкіләлемдік жеңіс құтты болсын, қазақ елі! Мың алғыс, мың тағзым! Күмбірлеген, тасып-төгілген күйлерімізді әлемнің сахнасына шығарып, домбырамызды аламан бәйгелерге қосып, бас жүлделер бұйыртқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Үлкен қолдау қөрсетіп, таңғы 6:00-ге дейін "Ұлытау" тобымен бірге болған сіздерге, Қазақстан өнер жұлдыздарына, біртұтас қазақ еліне, мың алғыс, мың тағзым!", - деп жазды Болман.

Байқаудың қорытындысы аралас форматта шығарылды: 50% – көрермендердің дауыс беруі, 50% – америкалық продюсер Брайан Малуфтың шешімі.

"Ұлытау" тобы – 2001 жылы құрылған этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Сол жылы топ Голливудта өткен бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында бас жүлде алды.

 

 

Пікірлер