Ақмолалық полицейдің 6 жасар қызы жанып жатқан көлікті байқап, дер кезінде ата-анасына айтып берген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
25 ақпан күні шамамен түнгі сағат 23:00-де Ақмола облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы Серік Баймұқановтың 6 жасар қызы Нұрия ұйықтауға бара жатып, терезеден Көкшетау қаласының Юбилейный шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласында тұрған көліктің астынан шығып жатқан ұшқындарды көріп қалған.
Қауіпті жағдайларда не істеу керек екенін жақсы білетін Нұрия бірден әкесіне хабарлаған. Серік Керімбайұлы анасы мен әйеліне өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалуды тапсырып, ойланбастан көшеге шыққан. Өрт шыққан көліктің жанында басқа да көлік құралдары тұрған. Ол басқа көлік құралдарының дабылын іске қосып, көлік иелерінің назарын аудару үшін оларды соға бастаған. Бұдан кейін көлік иелері тысқа шыққанда көліктерді өрт ошағынан алыстатуды өтініп, сыртқа шыққан жастармен бірге өрт ошағын оқшаулауға кіріскен.
Осылайша, кішкентай қыздың қырағылығының арқасында үлкен апаттың жолы кесілді.
«Адырна» ұлттық порталы