«Жоғары біліміміз бола тұра, жалақымыз еден жуушылармен бірдей» – мамандар Президентке хат жазды

6934
Adyrna.kz Telegram

«Жоғары біліміміз бола тұра, жалақымыз еден жуушылармен бірдей». Дәл осындай уәжбен «Адырна» ұлттық порталының редакциясына қызылордалық логопед-дефектологтар хабарласты. Қызметкерлердің айлық жалақылары бір жылдан бері өзгермеген.

«Осы мәселені қанша көтерсек те, еш өзгеріс болмады. Жазып шаршадық»,-дейді олар.

Логопед-дефектологтардың ендігі үміті ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі А.Цойда. Назарларыңызға мамандардың ашық хатын ұсынамыз.

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.К.Тоқаевқа

ҚР Денсаулық сақтау министрі

А.В.Цойға

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Алексей Владимирұлы! Біз – Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарайтын логопед-дефектолог мамандармыз. Айлық жалақымыз бір жылдан бері өзгермегендіктен, сіздерге ашық хат жолдап отырмыз. Жоғары біліміміз бола тұра айлық жалақымыз еден жуушылармен бірдей.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысы орташа 30% -ға (тіпті кіші қызметкерлердің жалақысы да), білім беру ұйымдары педагогтарының лауазымдық жалақысы 25%-ға өсті. Ал Денсаулық сақтау саласында жұмыс жасайтын логопед-дефектолог мамандардың жалақысы өзгеріссіз қалды.

Осы сауалды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдағанымызда «ҚР Үкіметінің 2015 жыл 31 желтоқсан №1193 қаулысына Денсаулық сақтау саласы педагогтарының лауазымдарын қосу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі» деген жауап алдық. Алайда жауап келгелі 1 жылдан аса уақыт өтсе де, логопед-дефектолог мамандардың еңбек ақысы көтерілмеді. Биыл да медицина қызметкерлері мен педагогтердің жалақылары өсті. Тек логопед-дефектологтар ғана сол баяғы жартымсыз жалақымен қалдық.

Денсаулық сақтау саласындағы логопед-дефектолог мамандар да Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жасап отыр. Қазіргі таңда әр түрлі дәрежедегі тіл кемістіктері, психикалық тежеулік, БЦП, аутизм, Даун синдромы, т.б логопедиялық диагноздармен келетін балаларға және инсульт алған ересектерге көмек көрсетудеміз. Жүріп тұруы қиын науқастардың үйіне шақыртумен барамыз. Бұл науқастармен жұмыс жасағанымыз үшін бізге қосымша ақы төленіп отырған жоқ. Ал мектептегі логопед-дефектолог мамандарға осы қызметтерді атқарғаны үшін белгілі бір сома төленеді.

Құрметті Алексей Цой мырза, жоғарыда көрсетілген Қаулыға қашан өзгерту енгізіледі? Бізге неге педагог мәртебесі берілмейді? Педагог маман ретінде категорияга тапсыруға неге рұқсат жоқ? Тіпті арамыздағы категориясы бар мамандарға қосымша ақы төленбеуде. Жалпы ауада жүрген маман иесіміз. Бұл сонда кемсітушілік пе, төмендету ме, әлде жоғары білімді маман ретінде құқығымыздың тапталуы ма? Сұрақ көп, жауап сізден министр мырза...

Құрметті Гүлшара Наушақызы, сізден де осы мәселені басты назарға алып, бізге басшылықтың қысым көрсетуіне жол бермеуіңізді сұраймыз.

Құрметпен, қызылордалық логопед-дефектологтар

Пікірлер