Тағы бір қазақстандық ЖОО лицензиясынан айырылды

2623
Adyrna.kz Telegram

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылғы шілде айындағы тексеріс нәтижелері бойынша аталған университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілді. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.

«Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің Комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

«Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – деп атап өтті Гүлзат Көбенова.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер