Жекпе-жек алаңында жартылай орта салмақта атой салған жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 KO) келесі кездесуін наурыздың 10-ы күні күні АҚШ-та өткізеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Шаршы алаңда жеңіліп көрмеген жерлесіміз Америкада Коннектикут штатындағы Анкасвилле қаласында орналасқан Mohegan Sun спорт кешенінде өткізеді. Бұл кездесуді тікелей эфирде АҚШ-тағы Showtime телеарнасы көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Батыр кәсіпқой бокстағы осыған дейінгі барлық кездесулерін Канадада өткізген болатын. Отандасымыз ол жақта Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімде. Жақында ол АҚШ-қа көшуіне байланысты, алдағы кездесулерін сол жақта өткізуді жоспарлап отыр.
Алдыңғы жекпе-жегін Батыр өткен жылдың қаңтар айында Монреаль қаласында өткізіп, мексикалық боксшы Рикардо Ларудан (22-8, 10 КО) басым түскен болатын.
Батыр Жүкембаев - 1991 жылы 5 сәуірде Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қазақстанның кәсіби боксшысы IBO ұйымының нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Бокспен кәсіби түрде Алматыда шұғылдана бастады. Батыр - жастар арасында Қазақстан чемпионы, студенттер арасындағы Қазақстан чемпионы, Қазақстан, Украина, Финляндиядағы халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2019 жылдың қазан айына қарай Джукембаев кәсіби рингте 16 жекпе-жек өткізді және оның 13-і нокаутпен аяқталды.
2017 жылдың қаңтарында Батыр Жүкембаев Канадалық «12 раунд» журналының номинациясында 2016 жылдың ең перспективті боксшысы деп танылды. Журналда «25 жастағы Қазақстандық талантты боксшы жеті жеңісті жекпе-жегінің алтауын нокаутпен аяқтады, біз оның 2017 жылы рингке өнер көрсетуін асыға күтеміз», - деп жазылған болатын.
Ұларбек Дәлейұлы