Биыл Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында алғаш рет археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Жуырда аталған ғылыми жобаның жетекшісі, археолог Ерден ОРАЛБАЙМЕН әңгімелескен едік.
– Ерден Қуанышбекұлы, биыл Шығыс өңірінде бірқатар археологиялық жобалар жүзеге асырылды. Оның ішінде Тарбағатай ауданындағы Елеке сазында өзіңіздің жетекшілігіңізбен жүргізілген қазба жұмыстары да бар. Бұл қорымға қалай кездестіңіз?
– Иә, алдымен бұл археологиялық жобалардың Мемлекет басшысының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын байыта түсетінін, ғылыми әлеуетімізді көтеруге қосар үлесі үлкен екенін айтқанымыз абзал.
2011 жылы Тарбағатай ауданы аумағында археологиялық барлау жұмыстарын жүргіздік. Барлау жұмысы дегеніміз – алдын ала ескерткіштерді көріп, сыртқы пішіні арқылы қай дәуірге жататынын анықтау және құжаттау. Осылайша, Тарбағатай ауданынан 86 археологиялық ескерткішті анықтап, тізімдеп, төлқұжатын жасап, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясына тапсырдық.
Жергілікті бақташылардың айтуымен Елеке сазы деген жерде көп қорым бар екенін естіп, арнайы барып көрген едім. Сол жылы барлық ескерткіштерді санап, «Елеке сазы-1» ескерткішінің топографиялық жоспарын түсіріп, жұмысты бастадық. Жалпы, Елеке сазында 7 қорым, 300-ден аса оба бар. Бұл жеті қорымның алтауы ерте сақ және сақ, үйсін кезеңдерімен мерзімделеді. Біз биыл қазба жұмыстарын жүргізген «Елеке сазы-2» қорымы да ерте сақ кезеңіне тиесілі. Осылардың ішіндегі «Елеке сазы-1» ескерткіші – көне түркі дәуіріне жататын бірегей археологиялық мұра. Оның баламасы ретінде Моңғолиядағы Шивээт Улаан немесе Білге қаған кешендерін айтуға болады.
– Елеке сазы ескерткіштерінің еліміздегі басқа қорымдардан қандай ерекшелігі бар?
– Жоғарыда атап өткендей, Елеке сазындағы ескерткіштердің көпшілігі ерте көшпелілер немесе сақтар кезеңіне жатады. Үлкен обаның диаметрі – 120 метр, биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Осындай алып обалардың маңайына диаметрлері 80-60 метрлік басқа обалар топтасқан. Обалардың сыртқы пішіндеріне қарағанда кейбірінің тас сақиналары бар, кейбірінде арнайы қазылған орлар бар. Кей обалар таза тастан тұрғызылса, кейбірі топырақтан салынып, сырты таспен қапталған.
Бұл алқапта бір жарым мың жылдық мерзімді қамтитын әр дәуірдің элиталық, ақсүйектік ескерткіштері топтасқан. Сондықтан Елеке сазы жайлауын да Берел мен Шілікті жазығы іспетті «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар. Елеке сазы бұрын мүлде зерттелмеген. Яғни, алғаш рет археологтардың аяғы тиіп, қазба жұмыстары жүргізілді. Бірінші қазба жұмысы болғандықтан көлемі аса үлкен обаны зерттеуді кейінге қалдыруды жөн санадық. Биыл зерттеу жүргізген обаның диаметрі – 35 метр, биіктігі 1,8 метрді құрады. Бір ерекшелігі, сыртында диаметрі 50 метрлік тас сақинасы бар. Құрылымына келер болсақ, оба үш бөліктен тұрады. Бірінші қабаты тастан қаланып, одан кейін топырақпен қапталса, сырты кайтадан тастан өрілген. Ортасында тастан қаланған арнайы табыт бар. Бұл тас табытқа оңтүстік-шығыс жағынан ұзындығы 6 метрлік дәлізбен кірген. Тонау барысында табыттың тастары шашылған. Тек шығыс жақ қабырғасында екі қатар қаландының сілемін байқауға болады. Мәйіт жер бетінде, тас табыттың ішіне жерленген. Еденіне қайыңның тозын төсегені көрінеді. Бірақ, бөлшектеніп кеткен.
Антропологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындыларына қарағанда, мұнда 35-40 жас аралығындағы, бойы 1,8 метр болатын ер адам жерленген. Омыртқа және жіліншік сүйектерінен көрінетін бұрғыланған тесіктерден мүрденің бальзамдалғандығы байқалады. Мүрде тез шірімес үшін жіліншіктің ішіндегі май мен жұлынды алып тастаған. Бұл, әрине, соғыс жағдайында алыс жерде қайтқан адамды осында жеткізіп жерлеу үшін қажет болған немесе қолбасшымен қоштасу рәсімі ұзақ уақытқа созылған деген ойларға жетелейді. Қорым құрылысы жағынан ерте темір дәуіріндегі Жетісу ескерткіштеріне ұқсас. Тас табытқа баратын дәліз ішінен қола жебелер, алтыннан құйылған бұғылар мен пішіні кеңірдек іспетті алтындар, иненің көзіндей ұсақ алтыннан жасалған әшекейлер табылды. Табылған жәдігерлер қорымның уақытын анықтауда негізгі дәлел бола алады. Бұл оба б.з.д. VII ғасырларға тән, яғни, ерте сақ заманының құнды мұрасы.
– Жалпы, Шығыс өңіріндегі қорымдардан бұғы бейнеленген әшекейлік алтын бұйымдардың көптеп табылуының сыры неде?
– Бұғы образы ертедегі көшпелілер өмірінде ерекше маңызға ие. Тарбағатайдағы барлау жұмыстары кезінде ерте сақ кезеңіне жататын бұғы бейнеленген жартас суреттері табылды. Елеке сазынан табылған мүйізсіз, құлақтары үлкен бұғылар бейбіт өмірдің нышаны болса керек. Бұдан бөлек, Шіліктіде мүйіздері өрілген бұғылар бейнесіндегі жәдігерлер, Тарбағатайдағы жартастарда құстұмсықты бұғылар суреттері бар. Құстұмсықты бұғы бейнелерінде бақсылықтың негізі көрініс тапқан сияқты. Өйткені, оның негізгі образы бұғы-құс болды. Бұл аспандағы жоғары әлем туралы түсініктің дамуымен бір мезгілде пайда болған сенім. Яғни, бақсы-медиатор аспанға, күнге жақын құс образын қабылдаған және бұғының жылдамдығы жоғарғы әлемге ұшуға көмектесуші рух ретінде қайта жаңғыртылған деп түсінген жөн.
Жалпы, Елеке сазы ескерткіштерінің құндылығы зор. Сақ мәдениетінің бастауы ретінде маңызды ашылымдардың болатындығына көзіміз жетеді. Елеке сазының басқа ескерткіштерде кездесе бермейтін ерекшелігі, тарихи сабақтастықтың үзілмегендігінде болып отыр. Ерте сақ кезеңінен көне түркі кезеңіне дейінгі жерлеу дәстүрінің кезең-кезеңімен бір элиталық пантеонға топтасуы үлкен ғылыми жаңалық болмақ. Еліміздегі бірегей ескерткіштермен еншілес Елеке сазындағы зерттеу жұмыстары келер жылы жалғасын табады. Осы жобаға қолдау көрсеткен өңір басшылығына археологтар атынан алғыс білдіре отырып, ғылыми табысымызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайтынымызды айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы