«Халықтың денсаулығына атүсті қарайтын министрдің түкке қажеті жоқ» – заңгер

1192

1 ақпанда елімізде Ресей Федерациясында өндірілген «Спутник V» вакцинасын егу науқаны басталған болатын. Десе де, препарат республикада әлі тіркеуден өтпеген. Бұл мәліметті Денсаулық сақтау министрлігі растады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мәселе қарастырылып жатыр. Құрамында 22 мың доза бар вакцинаның бірінші партиясы елге әкелінді. Сонымен қатар, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде препараттың тәжірибелік сериясын өндіру үшін 6 мың доза көлемінде субстанция алғанын білесіздер. Партия Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институтына оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растау үшін жіберілді. Вакцина ғылыми-зерттеу орталығымен мақұлданып, жоғары тиімділік пен қауіпсіздікті көрсетті»,-деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерлан Қиясов.

Белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы Facebook желісіндегі ресми парақшасында бұл жағдайға қатысты пікірін білдірді.

«Денсаулық сақтау министрі Цой Алексей Владимировичтың қызметін босатуды талап етемін!Мұндай сорақылық тек біздің елде ғана бар шығар? Бұл вакцина Қазақстан елінде тіркелмеген болса, қандай негіздемеге сүйеніп, жаппай адамдарға салынып жатыр? Бәсе, «Денсаулық сақтау министрінің ісі шала» деген сөзім анық дәлелін тапқандай. Біз не үшін сынама лабораториясының тұжырымына сеніп отыру керекпіз, олар не лицензиялы эксперт пе? Неге адамдар тексерістен өтпей жатып екпе алады? Сонда адам тағдыры ойыншық болғаны ма?

Бәсе, министрдің өзі бұл екпені алмай, қол астындағы басшыларды пайдаланғанын енді түсінгендеймін. Журналистер көзімізді ашпаса, құжаты тіркелмеген вакцинаны алып, басымызды изеп отыра береді екенбіз ғой. Не қазақша білмейді, не дұрыс түсіндірмейді, не екпені өзі бірінші алмайтын министрдің қажеті не? Үкімет бұл мәселені қадағаламай, не істеп отыр? Адамдардың денсаулығына атүсті қарайтын министрдің түкке қажеті жоқ. Босатсын орнын!

Президентіміз жақсы болсын дейді, ал қол астындағы министрлер ойына келгенін істейтін сияқты. Вакцина адам өміріне ауадай қажет, алайда құжаттары тіркелмеген вакцина заңсыз болып есептеледі. Бұл контрабандалық жолмен әкелінбесе нақ Қазақстанда тіркелуге тиіс. Цой алдыңғы министрдің қателігін қайталап отырғандай сезіледі. Орнына халықты ойлайтын адамды тағайындау қажет деп есептеймін», — деді ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket