Зеленский: Ресейлік пропагандаға жол берілмейді!

3800
Adyrna.kz Telegram

Сейсенбі күні Украина перзиденті Владимир Зеленский «Оппозициялық платформа - Өмір үшін» (OPZH) партиясынан сайланған Жоғарғы Раданың депутаты Тарас Козак пен оған тиесілі «112 Украина»  «NewsOne» және «ZIK» телеарналарына санкция салу туралы жарлыққа қол қойды  деп хабарлайды "Адырна" қлттық порталы Abai.kz порталына сілтеме жасап. 

Санкцияға сәйкес, активтерді бұғаттау, сауда операцияларын шектеу, Украинадан капиталдың шығарылуына жол бермеу және бағалы қағаздармен операцияларға тыйым салынған.

Бұған дейін Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Жоғарғы Радаға пропагандамен айналысатын бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты заңнаманы қатаңдату туралы өтінішпен жүгінетінін мәлімдеген.

Ол Савик Шустердің «Сөз бостандығы» эфирінде:

«Бізде өз мемлекетімізді қорлаумен айналысатын арналар бар. Өкінішке орай, қолданыстағы заңнама оларға әсер ете алмайды. Мұндай арналар, өкінішке қарай, біздің елде өте көп. Олардың барлығы украин халқынан талан-таражға түскен салық есебінен қаржыландырылады. Олар таңертеңнен кешке дейін халықтың миын улап жатыр», - деді Данилов.

Ал, Тарас Козак ресми түрде иелік ететін үш каналды іс жүзінде  «Оппозициялық платформа - Өмір үшін» (OPZH) партиясы саяси кеңесінің жетекшісі Виктор Медведчук бақылайды екен. Украиналық ақпарат құралдарында Виктор Медведчук Ресей президентінің құдасы екені айтылады.

Кеше ол телеарналарға салынған санкцияларды заңсыз деп атады. Және мұндай шешім үшін президент Зеленский жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды.

- «Владимир Зеленский «112 Украина» «NewsOne» және «ZIK» телеарналарына қарсы санкциялар қолданды. Бұл шешім мүлде заңсыз.

Зеленскийдің айналасындағылар мен мұхиттың арғы жағындағы қожайындары оның қолымен ақпараттық кеңістікті оппоненттерінен тазартып жатыр. Президентті өз айтқандарына сендіріп, заңға қайшы шешім шығартты. Бірақ мұндай шешім үшін жауапкершілік барын білуі керек»,- деді Медведчук.

Сөйтіп, «Оппозициялық платформа - Өмір үшін» партиясы (OPZH) президент Владимир Зеленскийді демократия мен сөз бостандығын шектеді деп айыптап, импичмент жариялау процесін бастайтынын мәлімдеген.

Алайда, Украина президенті сөз бостандығын қолдайтынын, алайда Ресейлік пропагандаға жол берілмейтінін алға тартты. Ол Твиттер парақшасында:

«Санкция салу - қатаң шешім. Украина сөз бостандығын қолдайды. Бірақ біздің елге қарсы агрессор қаржыландыратын үгіт-насихатты қолдай алмайды. Бұл Украинаның еуропалық және еуроатлантикалық интеграцияға барар жолына кедергі келтіреді.

Тәуелсіздік үшін күрес - бұл сондай-ақ, еуро құндылықтар мен ақпараттық соғыстағы шындық үшін күрес»,- деп жазды.

Сондай-ақ, ол бүгін «Үлкен жетілік» және Еуропалық одақ өкілдерімен кездесуінде бұл шешімнің сөз бостандығына шабуыл емес, ұлттық қауіпсіздікті қорғауға негізделген шешім екенін айтты.

- «Бұл эмоционалды шешім емес, ол жетіліп, ұзақ уақыт бойы украиналық мемлекеттік органдардың ақпараты негізінде дайындалған.

Бұл сөз бостандығына ешқандай шабуыл емес, бұл ұлттық қауіпсіздікті қорғауға негізделген шешім»,- деді Украина перзиденті.

Ол сондай-ақ, Медведчуктің иелігіндегі арналардың мемлекет қауіпсіздігін бұзуға және Украинаның Еуропалық одақ пен НАТО-ға интеграциялануына бағытталған әрекеттеріне қарсы ақпараттық шабуыл жасағанын айтты.

 

Пікірлер