ОЛЖАС ӘБІЛ: Қоғамды дамытпай тежеп отырған не?

4040
Adyrna.kz Telegram

Өткенде осында Ғалым Байтук деген блогердің бір сұхбатын көзім шалып қалды. Ол жігіт сол сұхбатында "желідегі қазақтілді оқырмандармен орыстілді қауымның арасындағы айырма жер мен көктей, қазақтілді жұртты "қандай әнші не деді, не киді, не жеді" деген мәселелер көп қызықтырса, орыстілді қауым сыртқы саясат, ішкі саясат, Таулы Қарабақта не боп жатыр деген ауқымды мәселелерге бастарын көп қатырады" деген екен Ғалым.

Меніңше, бұл өтірік.

Қазақтілді қауымды да сыртқы саясат, АҚШ - Қытай, Қарабақ мәселесі қатты қызықтырады. Таяуда болған Әзірбайжандағы Қарабақ жанжалын қазақтілді блогерлер жан жақты талқылап, оны мыңдаған оқырмандар оқып таратып жатты.

Ал әкесін танытып тұрып мықты жазылған сараптамаларды, жазбаларды мыңдаған қазақтілді қауым өліп тұрып оқып, сол кезде опыр - топыр болды.

Жалпы, менің байқағаным, қазақтілді қауым сауатты сараптамаларға, терең жазылған дүниелерге, ақыл қозғайтын ойларға, жаңашылдыққа өте зәру, аса мұқтаж..

Қазақтілді қауымның арасында ондай дүниелерге сұраныс өте жоғары. Сұмдық жоғары.

Алайда, біздің үлкен өкінішімізге орай бізде оны өтейтін өтеу жоқ. Яғни, бір сөзбен айтсақ бізде қазір бұл ортада білікті мамандар, интеллектуалдар, білімді саясаттанушылар, ойтүрткі беретін адамдар жоқ немесе өте аз.

Егер біздің қоғамда ірі интеллектуалдар көп болған жағдайда, олардың араларында бәсеке пайда болушы еді, ал қоғамда әртүрлі ой тудыра алатын интеллектуалдардың арасында бәсекенің пайда болуы дегеніміз - ол сол қоғамның жан - жақты дамуына әкеледі. Яғни, әртүрлі оймен қаруланған, ой түйген оқырман халық та өте сауатты болады.

Өкінішке орай бізде ондай нәрсе жоқ.

Мен мында оқып - тоқып өз шамам келгенше бірдемелер жазғандай боламын, сосын көбісі "осы тәуірлеу бірдеме жазады" деп тек мені айналшықтап жүргендері... Бірақ мен тарихшы емеспін, саясаттанушы емеспін, басқасы емеспін, тек көппен бірге желіні пайдаланып жүріп осында өз ойын білдіруші қолданушының бірімін. Соған да зар боп отыр жұрт.

Ал бұндай тақырыптарға кәдімгідей мүйіздері қарағайдай білікті мамандар керек. Егер бар ғоя, біздің қазіргі фейсбук желі беттерінде, жалпы қоғамда жұртпен ойын бөлісіп ағартушылық жұмысымен айналысқан мықты қазақтілді блогер- ғалым, Қазақтілді білгір блогер - қаржыгер, Қазақтілді білгір блогер - саясаттанушы тағы басқалары көп болса біздің жұрттың көзі анағұрлым ашық болар еді.

Сөз өзгерер еді, ой өзгерер еді...

Ұзын сөздің қысқасы, қайталап айтайын, біздің қазақтілді ортада ақылды, білікті адамдарға сұраныс зор. Олар қоғамға ықпал етіп халықтың көптеген нәрсеге ойларын өзгерту үшін керек.

Оларды интеллектуалдар дейсіз бе, саясаттанушы дейсіз бе, лидер мнения дейсіз бе, өзіңіз білесіз, бірақ менің түсінгенім біздің қазіргі қоғамға олар ауадай қажет.

Біздің қазақтілді қоғам қазір, "білейін, оқиын, көрейін" деген үлкен құштарлықпен сондай танымдық дүниелерге шөліркеп отыр.

Мен бұ жерде шағын ғана фейсбук, әлеуметтік желі туралы әңгіме қозғап отырмын. Ал ауқымды телевидениенің жөні бір бөлек... Пайдалана білген адамға ТВ нағыз тәрбие құралы ғой.

Тап сондай халқымыз өнер білімге, жаңа танымға, жаңалыққа, ғылымға басқасына шөліркеп отырған тұста, миллиондар көретін ортаға шығып алып дүйім халыққа "прайм тайм" кезінде "ағасы мен қарындасы төсектес болды",

"атасы мен келіні жақындасты" деген темаларды ғана қозғап деңгейлері сондай боқтықтан аспай қалған ток шоулар жүргізетін журналистердікі (журналист пе?) нағыз ұят, ұят емес масқара ПОЗОР.

Күллі халықтың алдына шығып оның сауатын ашып, көзқарасын өзгертетін, тәрбиелейтін жерге шығып мынадай нәрселер көрсету дегеніміз - расында ол біздің телевидениені кілең өресі төмен көлденең көк аттылар жайлап алып ойларына келгенін істеп жатқандығын көрсетеді.

Кім білсін, егер сол телевидениенің құлағын интеллектуалдар ұстаса, олар оны шыр айналдырып халыққа мол сауабы тиер ма еді деп қоямын....

Қор болған эфир, қор болған телевидение, сайқымазақ ток шоулар, жырқыл - квндер, бітпейтін той думан, парықсыз әншілер - осылардың бәрі меніңше, біздің қазақтілді халықтың басын қатырып, дамуын тежеп өрістетпей отыр.

Пікірлер