А.Аймағамбетов: 15 аймақтық жоғары оқу орны дамытылады

2596
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 15 аймақтық жоғары оқу орны дамытылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар нақты критерийлер бойынша іріктеп алынады. Аталған жоғары оқу орындары дарынды жастарды жинайтын өңірлік орталықтарға айналмақ.

«Нақты критерийлер бойынша 15 өңірлік жоғары оқу орнын іріктеп аламыз. Осы университеттер арқылы өңірлердегі білім сапасын арттыру үшін нысаналы қаржы бөліп, оларды жаңа зертханалармен қамтамасыз етеміз. Ол оқу орнындарында жаңа білім бағдарламалары да ашылады. Сонымен қатар сапасыз жоғары оқу орындарын жабу бойынша жұмыстар да жалғасын табады», – деп атап өтті А.Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері үшін жоғары оқу орындарының жауапкершілігі күшейтілді. Жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген болатын. Енді академиялық және басқарушылық еркіндік қазақстандық колледждерге де беріледі.

«Колледждерге академиялық дербестік беріледі. Аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге, білім сапасын арттыруға, оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сол арқылы түлектер тезірек жұмысқа орналаса алады», – деді Білім және ғылым министрі.

Колледждерге академиялық еркіндік беру – кадрларды даярлауда икемділікті қамтамасыз етіп, оқу орындарының жұмыс берушілермен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту мерзімдері мен траекториясын айқындауға мүмкіндік береді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер