Шымкенттік экс-шенеунік 10 жылға сотталды

1759
Adyrna.kz Telegram

Шымкент сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 498 млн. теңге бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Astana TV»-ге сілтеме жасап.

Бұл қаражат 2019 жылы қаланың 49 мың 500 гектар аумағына топографиялық түсірілім жасауға бөлінген. Алайда, Жеңіс Байымбетов мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде заң талаптарын бұзып, лицензиясы жоқ мекеменің тендерде жеңімпаз болуына жол бергені сотта дәлелін тауыпты. Ал тендерде жеңімпаз деп танылған Ақжол Айтбаевтың серіктестігінде мүлдем маманы да, топографиялық түсірілім жасауға құрылғылары да болмағаны сотта айтылды.

- Ол бөгде адамдарды жұмысқа тарта отырып, қыруар қаржыны қолма қол ақшаға айналдырумен айналысқан. Салдарынан маңызды іс бітпеген.Нәтижесінде мемлекетпен осы жұмыстарды атқаруға бөлінген 498 млн теңгенің былайша айтқан кезде түбі жоқ. Атқарылған жұмыстардың алдағы уақытта мынау қала құрылысындағы басқа да жерлерде ешқандай жарамдылық қасиеті жоқ. Себебі жарамсыз,-деді істі қараған судья Мадияр Абдрасилов.

Еске салайық, Байымбетов былтыр жазда сыбайлас- жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен қамауға алынған. Сотта сондай-ақ, экс-шенеуніктің жымқырған қаражатын заңдастыру үшін қаладан сатып алған жерін туған әпкесінің атына рәсімдеп, ол жерге коммерциялық нысан тұрғызғаны белгілі болды. Нарықтағы құны 130 млн теңге шамасында тұратын ғимарат тәркіленіп алынды. Бұл істе ымыраласа жұмыс істеген Айтбаев та бүгін сотталды. Судья оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Десе де, сотталғандар үкіммен келіспейтін сияқты. Қорғаушылары аппеляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер