Қайрат Закирьяновқа қарсы сәләфилердің шабуылы күшейіп тұр

8087
Adyrna.kz Telegram

Кешелі бері Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кабинетіндегі аң-құстардың терісі мен тұлыбы туралы алып-қашпа әңгіме өршіп тұр.Бұл айқай-шудың артында деструктивті діни ағымдардың тұрғанына еш күмәнім жоқ.
Белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыздың "өзбектің боксында дін жоқ, рух бар. Қазақтың спортында дін бар, рух жоқ. Спорт саласын салафизм идеологиясынан тазаламай, көсегеміз көгермейді" деген сөзімен келісемін.
Әсіресе, күрес, бокс, ұлттық ойындар тағы басқа спорт түрлері уаһабиттердің қолында. Олар қазақ спортын рухынан айыруда.

Түбегейлі шаралар қолданбаса, қазақ спортының болашағы бұлыңғыр деген Ерлан ағамыздың жанайқайына толықтай қосыламын. Туризм және спорт академиясының президенті, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымының докторы Қайрат Закирьяновқа қарсы сәләфилердің тарапынан ақпараттық шабуыл неге дәл қазір басталып отыр?

Қазақ даласындағы аңшылық дәстүрлер ерте замандарда қалыптасып, көшпенділер тұрмысында бекем орныққан. Тұлпарды тізгіндеп, тазысын ерткен, бүркітті қолына қондырған кешегі аңшы-саятшы көшпенділер де, заманауи қару асынған, күрделі тау аңшылығына шыққан бүгінгінің мергендері де, қазақстандықтар үшін - нағыз ерлік пен төзімділіктің үлгісі саналады. Ата-бабамыздан қалған сол аңшылық дәстүрді жаңғыртып жүрген Қайрат ағамыздың "20 жылда көптеген адам кабинетімде осы аңдардың терісімен суретке түсті. Ұзақ жылдан бері тұрған терілердің неге бүгін қоғам назарын аударғанына таңым бар?" деген орынды сұрағына не деп жауап беруге болады?
Біріншіден, Қайрат Қайруллинұлы тегі түркі бабамыз Шыңғысхан туралы талай ғылыми бағытта тарихи еңбектер (монография, кітаптар) жазған адам. Ал діншілдер болса, Шыңғысхан бабамызды "мұсылмандарды"жаппай жойып-қырған адам ретінде жек көреді.

Екіншіден, профессор ағамыз спорт саласындағы деструктивті діни идеологияға уланған спортшыларға байланысты әртүрлі дөңгелек үстелдер мен мінберлерде діни фанатизмнің зардабы туралы ашық айтып жүрген, бірден бір жоғары оқу орнының басшысы.

Қоғамда кездейсоқ ешнәрсе болмайтыны түсінікті, сол үшін Қайрат ағамызға сәләфилердің осындай оспадар әрекетіне қаймықпай, жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетпеуіне атсалысып, Қазақ еліне қызмет жасай беруіне тілектеспін.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ, 

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер