"Сақау" Парламент "мақау" Парламентке айналып кетпей ме?

3740
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа!

Аса мәртебелі Қасымжомарт Кемелұлы!

Ай, Күннің аманында шыққыр көзім не көріп отырсың?! Тәуелсіз 30 жылда Ана тілімізді - Мемлекеттік тілімізді ардақтаудан жеткен жеріміз осы болғаны ма?! Жаңа сайлаудан күткеніміз осы ма еді?!

Бүгін қастерлі Ант беру рәсімінде тілін шайнап тұрған депутаттар күні ертең тіл арқылы жүрекке орнығар діліміздің дал-дұлын шығарып, шайнап тастарына тіпті де күмән қалмай отыр! Тілді білмеген депутат халқымыздың мүддесіне орайласар жібі түзу өркениетті заң қабылдай қояды ма?

Сіз бастаған реформаға мына тілін шайнаған депутаттар ілесе ала ма? Реформа - жаңалық! Жаңалықты қабылдау, қолдау үшін тың таным, сара сана, соны серпін керек. Сақау депутаттар бойынан Сіз бастаған реформаны түсініп, түйсініп, қадіріне жетіп қолдайтын қасиет табыла ма?

Депутаттар сақау! Демек, Парламент сақау! Сақау парламент бұл күйінде марғау заң қабылдап, мақау парламентке айналып кетпес пе?! Енді не шара?

Парламентті тарату құзырыңызда! Бірақ, обал шығар! Халық жеке депутатқа емес, партияға дауыс берді. Олай болса партиялар сақау депутаттардың мандатын қайтарып алсын! Орнына мемлекеттіліктің басты атрибуты - мемлекеттік тілді құрметтейтін, өркениеттік ойлау жүйесі бар, елін әлемдегі өркениетті елдермен салыстыра талдап, өрге сүйрейтін [реформаны түсініп қолдайтын] кемел ТҰЛҒАСЫН тағайындасын!

Онсыз да Парламент сайлауы сайлау емес, "тағайындау" екенін жұрт біліп, бірауыздан айтып отыр!

Елдің, ел құрған [құраған] Қазақстан Республикасы Гаранты ретінде Сізден осыны талап етемін!Талап ету ҚР азаматы ретінде міндетім хәм азаматтық парызым деп білемін!

Құрметпен, жазушы,

ғалым Құлбек ЕРГӨБЕК.

Пікірлер