Қол күрестен Азия чемпионы: Үш жыл стресте болдым

3406
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты қол күрестен Азия чемпионы, мүгедектер арасында суден жүзуден Қазақстан чемпионы, қайсар жан Азамат Нұрәлиевпен болды.

Азамат мырза, алдымен өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Қазіргі таңда немен айналысасыз?

— Ассалаумағалейкум! Есімім – Азамат. Отыз екі жастамын. Дүние есігін Өзбекстанда аштым-Ұлтым – қазақ. Қазіргі таңда Алматы облысы Қарғалы ауылында тұрамын. Жылжымайтын мүлік агенттігінде жұмыс жасаймын.

Қайғылы оқиғаға тап болып, дене мүшеңізге зақым келген болатын. Сол туралы баяндап бере аласыз ба?

– Оқиға 2014 жылдың он үшіншісі қарашасында болды. Жұмыста оттегі баллоны жарылып, екі аяқ, сол қолдан айрылып қалдым. Жедел жәрдеммен Қаскелең қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, үш ай ем алдым.

Осы бір жағдай өміріңізге қалай әсер етті?

– Өте қатты әсер етті. Аяқсыз жатқанымды көріп, қайта-қайта шокқа түсіп қала беріппін. Өз-өзіме «Неге тірі қалдым? Енді кімге керекпін? Ары қарай не болады?» деген сынды сұрақтарды қоятынмын.Ол күнді ешкімнің басына бермесін...

Сол сәтте сізге кім арқау болды?

– Біріншіден, бұл — Алла Тағаламның маған берген екінші мүмкіндігі. Сондай-ақ, ата-анам,жан жарым,бала-шағам, туған-туыстарым мен жақындарым, достарым арқау болды.

Ал спортқа деген қызығушылығыңыз қалай оянды? Бастапқы кезде қандай қиыншылықтар болды?

— Стресс, депрессия деген жетіп жатты ғой. Көшеге шыққанда жалғыз менің ғана мүмкіндігім шектеулі деп ойлайтынмын. Қоғам маған аянышпен қарайтындай көрінді. Сол себепті жұрт көзіне көрінгім келмейтін. 2014 жылдан 2017 жылға дейін, яғни 3 жыл стресте болдым. Бір күні үлкен ұлымның спорт жарысы болатын болды. Келіншегім қоймай «жүр де жүр, бірге тамашалаймыз» деген соң қолдауға бардым. Сол жерде көп жаттықтырушыларды көрдім. Арасында мүгедек жандарды спортқа жетелейтін тренер ағамыз «спортқа кел» деп ұсыныс жасады. Бірден «менен қандай спортшы шығады?» деген ойға келдім. Әрі-бері жүріп, ойланып көрейін деп шештім. Осы уақыт аралағында әртүрлі спортпен шұғылданып көрдім. Ең ыңғайлысы және ұнағаны суда жүзу болды. Спорттың арқасында жаттығу залында бүкіл стресстен арылдым десем де болады. Ең бастысы, айтыскер ақын, қазіргі таңдағы нөмірі бірінші коуч-мотиватор Айнұр Тұрсынбаеваның сабақтарына қатысып , өмірге деген көзқарасым өзгерді.

Алғашқы жетістігіңіз туралы айтып берсеңіз?

– Ең алғаш Алматы облысы Талғар қаласында өткен жарыстан 1 орын алу бұйырды. Шыны керек, өзіме 100 пайыз сенімді болдым. Қолдаушыларым сенім артып тұрғанда бойымда еш қорқыныш болмайды екен.

Спорттан басқа қандай хоббиыңыз бар?

– Спорттан бөлек Instagram парақшамда адамдарға «шабыт берсем» деген ниетпен әртүрлі бейнероликтер түсіріп жүрмін.

Сізді не шабыттандырады?

– Алла берген ұл-қыздарымның әкесіне деген махаббаттары шабыттандырады.

Сұхбатыңызға рақмет! 

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер