А.Аймағамбетов мұғалімдерден алыстап барады

8054

Қазақстан мұғалімдері соңғы уақытта Білім министрі Асхат Аймағамбетовтен кері байланыс жоғын айтып, реніш білдіруде деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Әлеуметтік желіде тараған жазбаға үңілсек, министр бірқатар маңызды сұрақтардың жауабын бермей отыр.

Кеше ғана Шығыс Қазақстан облысының мұғалімі, азаматтық ұстанымымен қоғамда өте танымал мұғалім Мейіржан Темірбек: «Жалпы Білім министрлігінің қоғаммен қазіргі байланысы қандай?!Бірнеше рет талқылауда болдық, қатыстық, көрдік. Ұсыныстардың көбі ескерусіз шаң басқан архивтерде қалды. Соңғы кезде облыстық білім басқармаларының нөмірін таратты. Еш кері байланыс жоқ. Олар жауап беруге міндетті емес шығар. Онда несін таратты? Қош делік. Қазір мұғалімдер тарапынан көптеген сұрақтар жауапсыз қалып жатыр. Министрлік жауап беруге міндетті емес шығар, бірақ  сол сұрақты туындатып отырған министрліктің шығарып отырған қаулылары мен бұйрықтары! Неге уақытында жауап берілмейді? Неге облыстық білім басқармалары заң бұзушылықты ауыздықтамайды? Шамалары жетпей ме? Облысқа білім басқармаларына бүкіл аудандар аудандық акиматтан бөліп алып облысқа қоспақшы? Одан не өзгереді?!

Кеңесшілеріңіздің де қолдарынан ештеңе келмеді. Әлде шабадандарыңызды дайындап кеткелі отырсыздар ма?! Бәрібір жауапкершіліктен ар мен ұяттарыңыз болса құтыла алмайсыздар. Біз ұсыныс берсек ештеңе өзгертуге шамаларыңыз келмей қалады. Жоғарыдан бұйрық түссе қандай қаулы болсын секундта өзгереді. Жауап беруге уақыттарыңыз болмаса парақшаларыңызды жауып, телефондарыңызды өшіріп қойыңыздар, есіктеріңізді құлыптап қойыңыздар», деп жазды.

«Министр мырза БжҒМ қоғамдық кеңесінің атынан ұсыныстарды енгізуге жетісу керек. Кеше ғана барлығын группаға жинап мәселелерді шешіп жатыр едік Гаухар Омарбек ханым министрліктің өкілдерін, облыстық білім басқармаларының басшыларын топтан қуып жіберді. Олар да ол жерде мардымды жауап беріп отырған жоқ. Қарапайым мұғалімнің қарапайым сұрақтарына жауап бере алмаса, қарапайым мәселені ауыздықтай алмаса несіне ол жерді қор қылып отыр?! Мұғалімдерге "білім сапаларың төмен, нашарсыңдар" дегенде сондай ғой. Жақсы мұғалімдердің ішіндегі ең нашары мен болайын, сауатсызы да мен болайын. Өздеріңізге шаң жуытпайсыздар. Әкім қараларға, президентке жақсаңыздар болды, басқа мәселеге пысқырып та қарамайсыздар. Енді біраз жылда білім саласының болашағын көзге елестету қиын, әсіресе ауылды жерлерде. Бағдарламаларың аспандағы айды сұрайды, берген кәмпөтірларың ай түгіл, бұлт түгіл таудың басына да шыға алмайды»,-деп күйінішін білдіруде ұстаздар.

Сонымен қатар, соңғы уақытта Білім министрінің Баспасөз хатшысы Гаухар Омарбекке деген мұғалімдердің өкпесі өршіп барады. Министр мен мұғалімдердің арасында алтын көпір болады деп күткен Гаухар Омарбек керісінше әрекет жасап жүргендей. Мәселен, Айман Сағидулла таяуда ғана: «Ашық болғандарыңыз осы ма? Гаухар біздің мұғалімдерге көмектесіп отырған тобымыздағы Майра Мелдібекованы ,Облыстық білім басқармаларының бастықтарын топтан шығарып тастапты. Бұл не сұмдық? Біздің олармен байланысуымызға тыйым салғысы келе ме? Әлде біз кіммен сөйлесетінімізді Гаухардан сұрауымыз керек пе? Біз ол топта заңсыз жұмыстан шығарылған мұғалімдердің мәселесін фейсбукке, сотқа жеткізбей шешу мақсатында отырғанбыз. Егер сіздерге ұнайтын болса, енді ондай мәселелерді фейсбукта жазамыз да отырамыз. Министр кім өзі? Сіз бе әлде Гаухар Омарбек пе? Сіз айтқан ашықтыққа менсінбей қарап, вице министрлерді топтан шығарып тастауға шамасы келіп отырған Гаухар деген мықты кім өзі?Осы істерінен-ақ министрліктің құқығы тапталған мұғалімдерге көмектескілері келмейтінін байқауға болады. Өйткені ол топ сол бағыттағы топ еді. Өкінішті»,-деп жазған болатын.

Өкінішке қарай, Асхат Аймағамбетовтің тарапынан әзірге ресми жауап болмай отыр. Осыған дейін мұғалімнің жанын түсінетін, білім саласын биікке шығаратын министр деп халық тқбесіне көтерген министрдің соңғы уақытта неге бұлай «өзгергенін» жұрт түсінбей әлек. Бастапқыда білек сыбанып, белсене жұмыс істеген министрді бұл күнде айналасы «бұза» бастады ма деген күдіктерін де мұғалімдер жасырмай жазуда. Білім министрлігі мен мұғалімдер арасын жалғай алмаса, шамасы келмесе, Гаухар Омарбек өзгемен орын ауыстырғаны дұрыс емес пе? Қазақстан мұғалімдері бұдан 10 жыл бұрынғы бас бұғып, бәріне көніп отыра беретін мұғалімдер емес қазір. Өз құқықтарын талап ете алатын, ол үшін заңды сауаттары жететін мұғалім қазір елімізде өте көп. Осыларды ескерсе, министр де, министрдің баспасөз хатшысы да мұғалімдер салған сұрауға жауап берер деп үміттенеміз.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.  

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket