Тәуелсіздік күнін қалай тойлап жүрміз?

1167

Бірінші ой.

Тәуелсіздік мерекесіне арналған демалыс күндер аяқталды.

Жеке өз ойым. Тәуелсіздік күнін мерекелеп әлі үйренген жоқ сияқтымыз. Талпыныс бар, бірақ мерекелік дәстүр қалыптастыра алмадық.

Мереке – бұл дәстүр, ал дәстүр жылда қайталана беретін, бес түйсігімізге түрткі болатын әсерлерден тұрады. Жаңа немесе жәй әсер емес, күтілетін әсер. Не болатынын білсек қана ол мерекенің келгенін күтеміз.

Сонымен, кез келген мереке дәстүрге айналу үшін ол бес түйсікке әсер етуге тиіс.

  1. Көру. Мәселен, Жаңа жылдағы ең басты көрініс – шырша, отшашу, «С лёгким паром» фильмі, Наурызда киізүй, ұлттық киімдер... Жылда көреміз. Жылда алар дәстүрлі әсерді күтеміз. Тәуелсіздік күнінде нені көреміз? Тәуелсіздік күні дегенде нені елестете аласыз? Тәуелсіздік күнінде патриоттық сезімдерге бедер беріліп жүр. Солардың заңды жалғасы биыл көк туымыз көбірек насихатталды, балкондарға ілінді. Бірақ әлі абыл-сабыл. Биыл бір нәрсе, келер жылы басқа іс-шара болуы мүмкін. Адамдар жылда қайталана беретін әсер алмай, дәстүр қалыптаспайды. Корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына 8-12 жыл уақыт қажет екен. Мерекелеудің қоғамдық дәстүрі қалыптасу үшін қаншама жыл уақыт қажет екенін бағамдай беріңіз.
  2. Есту. Жаңа жыл мен Крисмасте ағылшын тілінде Jingle bell, The Happy New Year сияқты әндерден құлақ тұнады, орыс тілінде де дәстүрлі жаңажылдық әндер жетеді.

Тәуелсіздіктің дәстүрлі әндері қандай? Тәуелсіздік идеологиялық тұрғыда патриотизм, ұлтжандылық, мемлекетшілдікпен ұштасып бара жатқан соң «Көк тудың желбірегені» сияқты әндер алдыңғы қатарға шығып келеді.

  1. Иіс. Жаңа жылда шыршаның иісі, Наурызда бауырсақтың иісі дегендей. Тәуелсіздіктің иісі қандай?
  2. Дәм. Жаңа жылда оливье, манты, Наурызда наурыз көже... Америкада Thanksgiving деген отбасылық мереке бар. Алғыс айту күні.

Отбасылық дастарханға пеште піскен үндіктің етін қояды. Жаңа жылда адамдар дастархан жайып, түн ортасын күтеді. Президенттің сөзін тыңдап, тілек айтады. Тәуелсіздік дастарханы қандай болуы керек? Ол қашан жайылып, оған не қойылуы тиіс?

  1. Түйсіну. Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақарды, шыршаны ұстайсыз, қолыңызға сыйлық аласыз, Наурызда да сол, алтыбақан тебесіз, байлаулы тұрған аттың маңдайын сипап, түйенің шудасын сипайсыз. Әйтеуір алақан тигізіп, түйсінетін заттар бар. Тәуелсіздікте нені түйсінесіз?

Сонымен бірге, кез келген мереке алдымен балаларға арналуы тиіс. Жаңа жылды кімдер күтеді? Балалар. Неге? Себебі сыйлық алады. Тәуелсіздік күнінің де балаларға берері болуы тиіс. Балалар күтіп жүретіндей қандай сыйлық істеуге болады? Оны кім береді? Не үшін береді?

P.S. Бұл жазбам үш ойдан тұрады. Біріншісі осы. Келер ойларды ертең және арғы күні саламын.

Шыңғыс МҰҚАН,

Facebook парақшасынан алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы