Жүкті әйелдің жалаңаш суретінен жарыс басталған ба?

2432

Мәселен, фотограф Жансая Қанайқұлова осыған дейін 60-қа жуық жүкті келіншекке фотосессия жасаған деп жазады "Адырна" ұлттық порталы Paryz.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұрын жас келін жүкті болғанда, бұл жаңалықты елден жасырып, тіпті, ата-енесіне айтудан ұялатын. Бұл бір жағынан ішке біткен баланың аман-есен дүниеге келіп, келіншектің осы кезеңді оңай өткеруіне септік етеді дейтін үлкендер. Ал соңғы кездері елімізде аяғы ауыр әйелдер ішін жалаңаштап суретке түсуді әдетке айналдыра бастады. Мұны соңғы тренд деп білген жандар жұрттан "сүйінші" сұраған фотосессия барысын желілерге жариялауды да ұмытпайды, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

Иә, бұл – бірнеше жыл бұрын ғана пайда болған жаңа тренд. Жаңашылдықтың соңынан ереміз деп талай жүкті келіншек қарнын ашып фотосессия жасап әлек. Сәннен қалыспағандардың бірі – Балнұр Қуантай.

"Біріншіден, мен ол жерде жалаңаш түскен жоқпын. Ішім ашық болғаны болмаса, былай көз тиеді деген заттан біз өзіміз қорқамыз. Мен соңына дейін көрсеткен жоқпын, баланы босанып, адам болып, кішкене өзімізге келгеннен кейін ғана барып, инстаграмға салып, достарыммен, жақын адамдармен бөлісіп, елге жарияладық", - дейді ол.

Балнұрдың бал-бұл жайнаған жүзін көріп жолдасы да қоштай түскен. Десе де үй үлкендері жақтай қоймапты. Көз бар, сөз бар дегендей.

"Мама ренжіп қалды. Біраз уақыт сөйлескен де жоқпыз. Сол суретті көріп, фотоссесия жасаған соң сурет жіберген болатынмын мамама. Ол маған ренжіп, ұрсып-ұрсып, "Осы сендер қандай қызсыңдар?" деп ұрсып, біраз уақыт менімен сөйлеспей қойған. Сосын барып кішкене түсініп, мені кешірді, ұнады", - дейді визажист.

Бұл үлкендер үшін таңсық болуы мүмкін. Бірақ жас келіншектер үшін естен кетпес естелік. Мәселен, фотограф Жансая Қанайқұлова осыған дейін 60-қа жуық жүкті келіншекке фотосессия жасаған.

"Бұл 2018 жылдан бері Бейонсе бастағаннан әлемдік тренд болып кетті. Жүкті әйелдер осындай вок стильде дейді ғой, сондай матамен или боди, сондай стильде фотосессия жасағанды ұнатады", - дейді ол.

Дегенмен қоғам белсендісі құрсағын жалаңаштап, жұрттың көзінен жасқанбайтын жастарға ренішін білдірді. Тренд деп жүріп, менталитетімізден айырылып барамыз деген пайымда.

"Аяғы ауыр келіншектің қарнын ашып суретке түсуі деген, бұл енді тіптен мәдениеттің төмендігенінің бір түрі шығар. Ол бір жай үрлеп қойған қарын емес, оның ішінде ұрпақ бар ғой. Бала бар. Ол баланың келешегі бар. Ол өзін ойламаса да, баланың келешегін ойлау керек қой. Сол жалаңаш түскен сурет баланың өмірлік келешегіне балта шабуы да мүмкін", - дейді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатша.

Иә, бұрындары жүкті екенін жариялап фотоға түспек түгілі, аналарымыз 9 ай бойы құрсағын бөтен көзден жасырып ұстаған еді. Ал қазір заман да, көзқарас та өзгерген. Кез келген жаңашылдықтың жақсы жағын ғана қабылдаған жөн дейді мамандар.

Пікірлер
Редакция таңдауы