Еуразиялық одақтан шығу керек!

3572

Ей, жемқор-парақор билік! Есуас никоновтар мен путиндерге жауап беру үшін қазақты оңтүстіктен солтүстікке көшірудің демографиялық жобасын Ресейден жасырмай, ашық саясатқа көшу керек! Ең бастысы - бұл бағдарламаға бөлінетін қаржыны еселеп арттырып, оны талан-таражға салуды тоқтату қажет! Мемлекетке қайтарылған, игерілмей жатқан жерді агрофирмаларға емес, жеке көшіп келуші отбасыларға ешқандай аукционсыз бөліп беру қажет. 1000 гектар жерді иеленетін бір агрофирманың орнына, 100 отбасыға бөліп беру - солтүстікке қазақты жаппай қоныстандыру жобасын жүзеге асырудың ең тиімді жолы болса керек (басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктерден тыс).

Екіншіден, ұлт патриоттары жиі көтеріп жүрген Еуроазиялық экономикалық одақтан шығудың қоғамдық бастамасын астыртын қолдау жобасын жасау қажет. Ресейлік империялық-шовинистік озбырлыққа қарсы қазақ жігіттері өткізетін митингілер мен саяси акцияларды қудалауды тоқтату керек. Елде жаппай наразылық акциясын өткізуге ымырашыл өкіметтік ықпал жасаған абзал болады!

Үшіншіден, Түркі елдері қауымдастығын (одағын) құру жөніндегі қоғамдық бастаманы мемлекеттік саясаттың деңгейіне көтерген жөн. Танымал тұлғаларды тарту арқылы "Бірегей түркі әлемі" қауымдастығын құрудың, оны қалтарыс қаржыландырудың қорын құру керек (Ресейдегі "Держава" қорына ұқсас. Ол үшін "Державаның" құрылуы мен жұмысына мұрындық болған Константин Затулин сияқты білімдар, ұлтшыл, отаншыл, мемлекетшіл қазақ жігітін сол қауымдастыққа жетекші ету керек).

Төртіншіден, өте қысқа мерзімдік және жуық арадағы антиресейлік жоспарды жүзеге асыру үшін, Астана мен Түркістан құрылыс жобаларына бөлінген қыруар қаржы есебінен Түркияның бір-екі "Байрақтар" дрондық комплексін сатып алып, түрік офицерлерінің қатысуымен шұғыл түрде "Северный щит" әскери-тактикалық жаттығуын өткізу керек. Оны ТВлар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау (жарнамалау) қажет.

Басқа қандай ұсыныстар айтасыз?

PS.Болды! Ресейдің шамына тиіп алмайық деп, "көтті қысып"))) жүретін бұралқы саясаттың шеңберінен шыға бастау керек. "Бұға берсең, сұға бередінің" кебі келгеніне әбден көз жетті. Енді (әзірге) қоғамдық бастамалар арқылы азу көрсететін кез келді! Ресейге қатысты бұдан арғы салдақы саясат Қазақстанның территориялық тұтастығына ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздігіне катастрофалық қатер төндіреді!

 Ермұрат БАПИ.

Жазба автордың Facebook парақшасынан алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы