БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Карабах мәселесі саяси тұрғыда толық шешілмеді

1580

Менің жеке пікірім Карабах мәселесі саяси тұрғыда әлі толық шешілуді талап етеді.

Сөз жоқ бұл Арменияның тарихта әлі талай айтылар жеңілісі. Ал, Әзербайжанның Кавказдағы ірі жеңісі. Бұл Әзербайжанның аймақтағы әскери, экономикалық ірі күш екенін көрсеткен соғыс болды. 28 жыл бойы бір қарыс топырақ ала алмаған Әзербайжан Карабахтың күретамыры Лачин мен рухани астанасы Шушаны, өзге де қалалар мен аудандарды қайтарып алды. Басқа аудандар да келісім бойынша өз қарамағына өтті.

Түркияның Османлының соңғы 100 жылынан бері Кавказда ықпалы жоқ еді. Қазір бақылаушы ролінде әскерін кіргізіп, аймақта өзіндік орны бар саяси ойыншыға айналды. Қаруларын сынады. Жарнамалады. Әскери техникасының күшін паш етті. Ресейдің "С300" әуе қорғанысын тас-талқан қылды. Байрактары эффективті қару екенін әлем білді. Сұраныс артты. Есебі түел.

Ресей 2 мыңға жуық әскерін әкеліп "Таулы Карабахта" орын алды. Кавказда Ресей әскері бұрын да болатын. Жаңа географиялық аймаққа енген жоқ. Дегенмен "Таулы Карабахта" 5 жыл қалады. Мүмкін 10 жыл... Бұл өте маңызды.

Осы 5 жылда Ресей белгілі бір ойындарды ойнатуы әбден мүмкін. Оның ең бірінші жолы "Таулы Карабах" атты жаңа бір мемлекет құруға тырысу. Оны БҰҰ-да мойындатуға күш салу. Қауіпсіздік кеңесіне мүше 5 мемлекеттің бірі. Ол жерде өзін қолдайтын Қытай бар. Армиян диаспорасы көп АҚШ, Франция, Англия бар. Ресейге оңай болмайды. Бірақ Солтүстік Осетия мен Абхазияны еске алайық. Осы тектес жолмен Әзербайжанға қысым көрсетуі, саяси саудада пайдалануы әбден мүмкін.

Екінші жол Карабахтағы армиян халқының құқығы деген желеумен әртүрлі ойындар ойналуы да ғажап емес. Қалай дегенмен Ресей өз мүддесі үшін бұл регионды енді уысынан шығармауға тырысады. Түркиямен саяси саудада, Әзербайжанмен келіссөзде, ығына көндіруде пайдаланады. Армения да қарап қалмайды.

Тарихын біз білетін Ресей 5 жылдан кейін "Бейбітшілік орнады. Карабах Әзербайжандікі" деп жәй кетпейді-ау. Не саяси саудада орнына өз мүддесі үшін бірдеңе алып кетеді не басқа бір саяси ойын ойнатады.

Болашақта мәселе Түркияның халықаралық аренадағы роліне, экономикалық, әскери күшінің қаншалықты болатындығына да көп нәрсе байланысты болады. Әлсіз Түркия болса Карабах мәселесі қайта ушығады. 20-30 жыл өтер картина мүлдем басқаша болуы да мүмкін.

Әр елдің бір есебі бар. Ең бастысы Әзербайжанның сыртқы, ішкі саясаты көп дүниені шешеді. 1990 жылдары көшіп кеткен 1 млн халықты Карабахқа қайтару, Ресей мен өзге елдердің де көңілін таба білетін саясатты ұстануы қажет. Алиев соғысты толық жалғастырмай саяси жолды таңдадым деді. Бір есебі бар шығар. Бірақ ойынның ішінен ойын құратын өзгенің де өз есебі бар. Уақыт көрсетер...

Пікірлер
Редакция таңдауы