«Ауыл» партиясы: Біз мемлекеттен бір тиын да алмаймыз

367

«Ауыл тағдыры–халық тағдыры» деп есептейтін «Ауыл» партиясының сайлауға дайындығы мен атқарып жатқан қызметі кімді де болсын қызықтыратыны рас. Соған орай «Адырна» ақпараттық агентігінің тілшісі Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, «Ауыл» партиясы орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Қамкенұлы Сейітжановпен сұхбат ұйымдастырған еді.  Ендеше сүбелі әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

–Жалпы, ауыл партиясы туралы естіп жүргенімізбен, көп халық атқарып жатқан жұмыстарынан хабарсыз. Мақсат-мүддесі, бағыты, қызметі қандай?

–Енді көп халық хабарсыз деп кесіп-пішіп айтуға болмайтын шығар. Біріншіден, партияның өзіндік тарихы бар. 2000-шы жылдардың басында «Ауыл» социал-демократиялық партиясы құрылған. Аты айтып тұрғандай, негізгі бағыты – біздің халқымыздың басым бөлігін құрайтын ауылдағы ағайынның және ауылдық жерлердің мүддесін қорғау. Неге дейсіз ғой? Себебі Қазақстан аграрлы мемлекет болды, бұдан әрі де бола бермек. Қазірдің өзінде халқымыздың 42%-ы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Екіншіден, ауыл партиясы өзінің тарихында бірнеше құрылымдық өзгерістерден өтті. 2015 жылы ауыл партиясы  патриоттар партиясымен бірігіп, «Ауыл» халық демократиялық партиясы болып құрылымдалды. Бұдан кейін партияның өмірінде жаңа бір белес басталды десек те болады. Оның басты белгілерінің бірі партияның қатары негізінен патриоттық бағытты ұстанған саяси лидерлермен, жаңа мүшелермен толықты. Кейінгі 5 жылдың ішінде партияның қатары 53 мыңға жеткен. Қазіргі таңда партияның мүшелерінің саны 300 мыңнан асады. Енді қызметіне келетін болсақ, партиялар жайлы «ұйықтап жатқан партия» немесе «сайлаудың кезінде пайда болған партия» деген секілді жансақ пікірлер айтылып жүр. Мен бұл пікірлерге келісе алмаймын. Себебі сайлау кезінде партияларға деген қызығушылық көбейеді. «Ұйықтап жатқан партия емес, кейде партияларды сайлау кезінде еске алатын әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар бар».  Бұны екі жақты қарау керек. Жалпы, біздің партия – парламенттік партия емес, 2015-2016 жылы болған сайлауда парламентке өте алған жоқ. Бірақ соның өзінде де өзінің функциясын тоқтатқан емес, қазіргі таңда үкіметтен бір тиын қаржы алмаймыз. Ал Парламенттік партияны үкімет тарапынан қаржыландырады. 

–Сонда сіздерді кімдер қаржыландыруда?

–Жоғарыда айтып кеткенімдей, біз дәстүрлі партиямыз. Өңірлерде бізді қолдайтын белгілі кәсіпкерлер, ұйымдар бар. Солардың демеушілігінің арқасында біз өзіміздің қызметімізді атқарып жатырмыз.

–Тендерлерге қатыспайсыздар?

–Ешқандай тендерге қатыспаймыз. Өйткені коммерциялық ұйым емеспіз. Қазіргі таңда партияның 17 өңірде филиалы бар. Әр аудандарда, әр ауылдарда бөлімшелері де жоқ емес. 1000-нан астам бастаушы партия ұйымдарымыз бар. Кейінгі жылдардың ішінде оның қатары күрт көбейді десек болады. Жалпы, қазіргі таңда партия қайта құрылымдаудан толық өтіп бітті. Өзінің ішкі құрылымдық заңдылығы, сипаты толық қалыптасып болған партия.

–Қандай саяси шаралар атқарып жатырсыздар?

–Саяси шараларға келетін болсақ, негізі парламенттік партия болмағанымен, біздің өңірлерде маслихаттан 38  депутатымыз бар. Бұрын мәслихаттар сайлауы партиялық тізіммен болмаған. Биыл бірінші рет болғалы тұр. Сол 38 партия мүшесі аудандық және облыстық маслихаттың депутаттары. Көбіне саяси-әлеуметтік, экономикалық қоғамға ат салысып жатқан дүниелерміздің көбі, негізінен, ауыл шаруашылығымен, ауыл адамдарының өмірімен байланысты. Сенатта төрағамыз – ауыл-аймақтарды дамыту комиссиясының төрағасы. Сол жалғыз сенаторымыз арқылы біз биік мінберден үлкен мәселелерімізді айтып жүрміз. Қазіргі таңға дейін 60-қа жуық бір сенатордың мінберінен үкімет басшысының атына сауалдар жолданды. Оның жауаптарын алып жатамыз. Көптеген мәселелерді көтеріп, осы билік тетіктеріне заңмен әсер етуге қауқарымыз жеткенше әрекет етіп жатырмыз. Мысалы, пандемия кезінде блокпосттар жабылған кезде, оңтүстік өңірлерде егін жұмыстары қызу жүріп жатты. Сол кезеңдерде блокпосттарды ауыл шаруашылығы өкілдері үшін  ашқызу, оларды белгілі бір жүйемен жұмыс істету жағына біздің партия тікелей араласты. Бірнеше сауал жолдау және осы тақырып өткір сенат мінберінен көтерілуінің арқасында мәселе шешілді. Әрине, бұл жерде барлығын ашып тастадық деп айтуға болмас, біздің міндетіміз – үн қосу, қоғамға қажетті дүние болса, проблема пайда болған жағдайда қайткен күнде де оған әсер ету. Қоғамдық пікір қалыптастыру, қоғамдық пікірге қозғау салу және заңның мұрсат еткен шеңберінде билікке әсер ету, талап қою. Біз бұл функцияны шама-шарқымыз келгенше орындап жатырмыз деп айтуға болады. Соған сай талаптар да қоюдамыз.

-Қандай талаптар қойдыңыздар?

–Талап дегенде, блокпосттар ашылуы, не болмаса мынау оңтүстік өңірлерде білесіз, қырыққабат шіріп кетіп, далада қалып қойып жатты. Бұл – күтпеген нәрсе, бұған енді үкімет дайын болмады деп кінәлай беру де бір жағынан дұрыс емес шығар. Өйткені қалыптасып қалған нарығын жоғалтып алды. Екі аптаның ішінде бүкіл нарық жабылып қалды. Ресейге жөнелтіліп жатқан қырыққабат тоқтады да қалды. Біздің нарықта ондай сұраныс жоқ. Міне, осы мәселені шешу үшін, диқандар қауымы далада қалып қоймау үшін партия тарапынан қозғау салдық, бұл жалпы әлеуметтік желілерге де шықты. Үкімет тарапынан сатып алып, ішкі нарыққа бағыттау жағына көп ықпал еттік деп ойлаймын.

–Өзге де ауыл тұрғындарының қандай мәселелерін шешіп жүрсіздер?

–Ауыл туралы енді, тағы да қайталап айтуым керек, партия қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ешкімнің қазанына кіріп, ас салып бермейді. Оны барып тікелей өзі шешіп бермейді. Тек ықпал етеді. Кез келген партияның мақсаты – биік мінберлерге, яғни ықпал ететін биліктің заң шығарушылық органдарының қатарына ену. Мысалы, партия парламенттік партия болса, ол міндетті түрде құзіреті заң жүзінде күшейеді. Ол үкіметке ықпал ете алады. Белгілі бір мәселелерді көтеріп, сол мәселелердің шешілуіне ұлес қосады. Мысалы, жергілікті біздің облыстық маслихаттардағы депутаттарымыз көтеріп жүрген ұшан-теңіз мәселелер бар. Олардың да өздерінің жергілікті жерде функциясы бар. Біреу жол жоқ деп келеді, оған ықпал етеді. Біреу су жоқ деп келеді, оған ықпал етеді.

–Партияның сайлауалды бағдарламасы туралы толығырақ таныстыра кетсеңіз.

–Сайлауалды бағдарламасы өткен съезде талқыланған болатын. Негізі патриоттық партия болғандықтан  сайлау алды бағдарламасының  негізгі тұжырымдамаларының бірі – мықты рух соның ішінде ұлттық рух пен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру болып табылатындығы бәрімізге белгілі. Біз 30 жылдың ішінде яғни, тәуелсіз ел атанған уақыттан бастап   мемлекеттік тілімізді өзінің лайықты тұғырына  қондыру мақсатын толықтай іске асыра алмай келеміз. Бұл барлығымыз үшін, біздің қоғам үшін таңсық емес, керісінше көбіміз алаңдайтын қоғамдық мәселе болып табылады. 15-20 жыл бұрын үлкен аға буындардың ана тілінде сөйлей алмауын тарихи факторларға сүйеніп, түсіністікпен қабылдасақ, бүгінгі қоғамдағы жастардың жағдайы алаңдауға тұрарлық екенін байқаймыз. Әлі күнге дейін жастарымыздың ана тіліне деген құрметін көтере алмауымыздың себебі неде? Орда бұзар жасқа келсе де қазақ  тілінде сөйлей алмайтын жастарымыз жетерлік. Оның бірнеше аспектісін қарастыруға болады. Ең негізгісі  батыл қадамдардың  жоқтығы. Ендігі кезекте  осы тұста маңызды істерді қолға алуымыз керек. Мысалға атап өтсек, мемлекеттік қызметке тұрудағы мемлекеттік тілді білудің міндеттілігі. «Жаһандану процесі» мен «электронды әлем» ұғымы күннен күнге нығайып,  өзіндік маңызын арттыруда. Біз қазіргі ақпараттық кеңістікте бірқатар мемлекеттерге ілесе алмай келеміз. Сайлауалды бағдарламасына  бұл мәселе  бекер енген жоқ. Бұл – бірнеше жыл партияның  саяси іс шараларында талқыланып  келе жатыр. Айталық, қазіргі жастарымыздың қазақ тіліне  қызығушылығын арттыруда қазақ тілді контенттің  жетіспеуі. Әрбір  отбасыға  таныс «Маша қыз бен аю», «Синий трактор» секілді мультипликациялық  жобаларын атап өтуге болады.  Осы секілді  көпшілік қауымға, соның ішінде бүлдіршіндерге ұсынар контент жасап, шет мемлекеттер контентіне қарсы қоя алатындай ұлттық интелектуалды әлеуетіміз болуы шарт. Ол үшін белгілі бағдарламалар қабылданып, соған сәйкес үкімет тарапынан қаржылай көмек бөлінуі  тиіс. Бұл істе  психологтар секілді маңызы жоғары мамандармен жұмыс жасау да жобаға кіруі тиіс.  Бұл бағытта осы секілді ойландыратын мәселелер жетерлік. Айта кететіні, бұл мәселе  құрамы жағынан моно ұлттық  Әзірбайжан, Өзбекстан секілді мемлекеттерді де алаңдататын жағдай. Жас буынның орыс тіліне деген қызығушылығы жоғары. Себебі орыс, ағылшын тілдеріндегі  контенттер саны көп, әрі  көңілден шығарлығын таңдау мүмкіндігі жоғары. Өзің білетін шығарсың, «Сайлау алды бағдарламасына»  дайындық барысында  14 бөлімнен тұратын «Ел аман» атты кең көлемді  сауалнама өткізілді. Сауалнама  нәтижесінде ел ішіндегі актуалды мәселелерді анықтап, болашақта қарастырмақпыз.  Соның ішінде алғашқыларының бірі әлеуметтік сала. Әрбір 18 жасқа дейінгі балаға жәрдемақы тағайындау мәселесі мемлекет тарапынан  да қарастырылып келеді. Алайда, бөлінетін қаражат мөлшері аз, әрі бұл жәрдемақы мәселесі  бала, тұрмыс, көп балалы, көп балалы емес деген ажыратылымдық ұғымдардың да пайда болуына әкелді. Қазақта әр баланың өз несібесі бар деген түсінік бәрімізге белгілі, сонықтан біз жәрдемақы атауын да «бала нәсібі» деп өзгертуді ойлап жүрміз. Мемлекет тарапынан әр 18 жасқа дейінгі балаға «өмір сүру деңгейінің ең төмен қаражатынан» аз емес жәрдемақы тағайындалуы тиіс.

–Сайлауға қаншалықты дайынсыздар?

–Бұл сайлаудың ерекшелігі  оның  конституциялық мерзімінде болып жатқандығы. Сондықтан біз арнайы дайындықпен келдік. Дайындығымыздың қарқыны жақсы деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

–«Ауыл» партиясы болғаннан кейін, қазақ тіліміздің туын көкке көтеруі тиіс. Партияларыңыз 100% қазақ тілді партия деп сенімді түрде айта аласыз ба?

–Жүз пайыз деп айту асыра сілтегендік болады деп ойлаймын. Біздің партияның тілдік нақты ұстанымы бар. Бұл біздің өткен сайлауалды бағдарламамызда айтылып өтті. Біз өзіміздің ішімізде қазақ тілінің үстемдігін орнықтырып алмайынша, өзгеден мұны талап ете алмаймыз. Соның мысалында, соңғы екі 17-18 съезд толықтай қазақ тілінде  синхронды аударма арқылы өтті.

–Парламенттік партия емеспіз дедіңіздер, болашақта сіздерді «оппозициялық партия» ретінде көруіміз мүмкін бе?

–Ең алдымен «оппозиция» сөзіне деген түсінікті  ашып алғанымыз жөн. Нақты билікке келген, биліктік, көпшіліктік, партиялық дауысқа, осы үш түрлі пікірмен келіспейтін партия «нағыз оппазициялық партия» болады. Әрине, кесіп-пішіп айту әлі ертерек. Алдымен сайлау қорытындысы белгілі болып, әрі қарай партиялардың бағыттары анықталып, жаңа парламент қалыптасуы керек. Әр партияның нақты бағыты болуы шарт. Партия дегеніміз – жұмылған жұдырық. Соған сай өз бағытынан, идеологиясынан оңай танбайтын, бағытына берік топ. Оппазициялық партия боламыз деген пікірді айтуға, ондай ой тастауға әлі ерте деп ойлаймын.

–10 жылдан кейінгі "Ауыл" партиясын қалай елестетесіз?

–Болашағын елестету бұл – әрбір партияның жоспары. Ешбір партияның жоспарында құлдырау болмайтындығын ескерсек, партия болашақта мемлекеттегі ірі саяси процесстерге ықпал ете білетін күш деп елестетемін.

–Ірі саяси процестер деп нені айтар едіңіз?

–Ірі саяси процестер – мемлекеттің негізгі саясаты. Істің дұрысы мен бұрысына ықпал ете білу. Партияның негізгі миссиясы – атқарушы билікке тікелей ықпал ете білу. Қазіргі таңда біз эволюциялық жолмен сол жүйеге ену үстіндеміз. Болашақта қоғам қалауына қарамастан, партиялардың рөлі күшейе беретіндігі айқын. Адамзат қоғамында  демократиядан артық басқа жүйе қалыптаспағандығын да осы жолда ескерсек болады. Бұл демократиялық қоғамда белгілі бір саяси күштер қашанда аренада болатыны да белгілі. Жалпы қоғамның даму қарқынын ескерсек, көпшілік күтуге тұрарлық дер едім.

–Ауыл тұрғындарының саны күннен күнге азайып бара жатыр. Осы мәселемен қалай күресу ойларыңыз бар?

–Бұл айтарлықтай күрделі мәселе. Күрделілігі сол бұл тек қана Қазақстанның ішкі әлеуметтік процестерімен байланысты  ғана емес,  жалпы әлемде белсенді  жүріп жатқан үрдіс. Оның негізгі себебінің бірі технологияның дамуы.  Әрине, ол еңбек күшінің, жұмыс орындарының азаюына алып келеді. Және мұның зардабын ең бірінші өндіріс, соның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісі көреді. Бір ғана мысал, осыдан 20 жыл бұрын алты комбайн он екі қызметкер маман  жұмыс жасайтын егінге қазір бір комбайнның күші жетіп артылады. Осы сынды техниканың дамуы - бүкіл әлемге, бүкіл салаға өзгеріс әкелуде. Сондықтан да халықтың мегаполистерге қоныс аударуы технологияның дамуымен тікелей байланысты. Әрине, бұл мәселе жанымызға батады десек те, біздегі урбандалу  деңгейі әлеммен салыстыруға келмейді. Жылдан жылға қала халқының артуы қалыпты. Ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамыту, оған мемлекеттік қолдауды күшейту. Қарапайым дүние – кооперациялық жүйені дамыту арқылы айналымға енбеген өнімді экономикалық  айналымға енгізіп өндіріп, мемлекет  тарапынан қолдау жүйесін қалыптастыру. Кооперация – ауылдың әлеуметтік әл-ауқатын, экономикалық хәлін жақсартудың тиімді жолы. Ақиқатында, агросаясатта түрлі бағдарламалар  жиі өзгеріп отыруы және супсензия  мәселесі орын алуда. Оның да өзіндік белгілі себептері бар. Кооперацияны дамыту, қалпына келтіру және тұрақтылықты  сақтау үшін жылға созылатын ұлттық стратегиялық жоспар керек. Соның әсерінен де ауыл халқының тұрмысы бірізділікке түспей тұр.

–Сұхбатыңызға рақмет!

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы