Миллениал дегеніміз кімдер, қазақ қоғамында миллениал деп кімдерді айтамыз және батыс пен шығыстың азаматтық қоғамы туралы

3726
Adyrna.kz Telegram

Осы апта бойы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ІХ Азаматтық форумның бір сессиясы «Миллениалдар және азаматтық қоғам» деген тақырыпқа айналды. Бұл сессияға президенттің кадрлық резервіндегі жастар қатысып, тың пікірлерін білдірді.

Осы сессияға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек қоғамдағы өзгеріс қалай және кімнен басталатынына қатысты пікір білдіріп, батыстың салт-дәстүрі неге шығыс халықтарына көп келе бермейтінін түсіндіруге тырысты. Модератордың «қазақ жастары неге карантинді көп бұзады, неге олар тығылып дәмханаға барып, тығылып той жасайды» деген сұрағына жауап берген Дәулет Кәрібек пандемияның талабын сақтамау тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән «қасиет» дейді.

«Карантинді бұзғандар біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Германияда да, Португалияда басқа елдерде де карантинге бағынбаған адамдар болды. Сондықтан, интернеттегі пабликтерге қарап,  Қазақстанның қоғамы осындай екен деу теріс. Қоғамды тану үшін алдымен бағалау керек, талдау керек», - деді осы сұраққа қатысты Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы.

Дәулет Кәрібектің айтуынша, Қазақстанда қоғамның өзгерісі «қабылданған бағдарламалардың санымен бағаланады, бұл теріс құбылыс». «Қоғам дегеніміз не? Қоғам деген мен,  қоғам деген сіз. Яғни,  қоғам деген адамдардан құралады ғой. Демек біз әр бөлшекке әсер етуіміз керек. Сол сияқты  пандемия кімнен таралады? Пандемия қоғамнан таралмайды, ол жеке адамнан таралады. Жеке адамның гигиенасы сақталып, маска тағуы керек. Қоғамдағы өзгерісті өз айналаңмен салыстыра салу оңай. Бірақ, әлеуметтік желідегі 5000 досыңа қарап, сол қоғамды тани алмайсың, өйткені, оның артында да өмір бар», - дейді ол.

Президенттің кадрлық резервіне кірген ол Қазақстанда бір өзгертетін дүние – «Кеңестік» сана дейді. «Кеңестік идеология бойынша бәріне үкімет жауапты ғой. Мысалы, сенбілік жасап жүріп, күрек сынса, оны сындырып алдым деп ойлаудың орнына, үкімет өзі жөндеп алсын деп қайтара саламыз. Қоқыс тастап, оны тазалайтын адам бар деп жинамаймыз. Бірақ, күрек салығыңның есебінен жасалып, қоқыс тазалайтын адамға сенің салығыңнан жалақы төленетінін түсінбейміз. Біз әр адамның басына камера орнатып қоя алмаймыз. Сондықтан, кез келген өзгерісті өзімізден бастау керек, сол кезде ғана ол белгілі бір жеңіске әкеледі», - дейді Дәулет Кәрібек.

Ол тоқталып өткен тағы бір тақырып – батыс пен шығыстың менталитеті болды. Азаматтық қоғамды қалыптастыруда Қазақстан батыстың заңдарын сол қалпы шығыс халқының менталитетіне қолдана алмайды, дейді ол.

«...Олар батыс, біз шығыс. Олардың орнын ауыстыра алмаймыз. Күн ол жақтан шығып, біз жақтан бата аламйды. Сондықтан кез келген жаңалықты біздің дәстүрлі құндылықтарымыздан өткізіп барып кіргізу керек. Ол сол кезде ғана қабылданады», - дейді ол.

Сөз соңында Дәулет Кәрібек «Қазақстанда миллениалдер дегеніміз кім?» деген сұраққа жауап бере келе, «миллениал» деген термин қайдан шықты, қай жақтан енді? Әрине, батыстан. Қазақшаласақ, басқаша болады. Мысалы, қазақта жігіттің  бозбала деген шағы бар.  Біздегі миллениалдер бозбалаға келеді. Қоғамдағы бозбаланы сипаттасақ, олар өздерінің бағыт-бағдарын іздеуші, бірақ, өзінің не іздеп жүргенін білетін,  қандай өзгерісті қажет ететінін және сол ол үшін не жасау керек екенін білетін жағдайға жеткен адамдар», - дейді.

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық  порталы

 

 

 

Пікірлер