Орталық сайлау комиссиясы өтініштер қарауды жақсы жолға қойған – сарапшы

2017
Adyrna.kz Telegram

ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлау науқанына қатысты өтініштермен тиімді жұмысты жолға қойған. Мұндай пікірді Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Қазыбек Майгелдинов білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сайлауалды науқан қарқын алып келе жатыр. Бұл ретте халықтың азаматтық белсенділігімен қатар, партиялардың белсенділігі де арта түсуде. Дегенмен, қоғам үшін өзінің саяси мәдениетін көтеру маңызды. Ол үшін өкілетті органдар кең бұқара арасында азаматтық, құқықтық ағартушылық үшін түсіндіру жұмыстарын сапалы әрі рет-ретімен жүргізуі тиіс», - деді сарапшы.

Осы ретте ол кеше Орталық сайлау комиссиясы отырысын өткізіп, өзінің өкілеттігіне қатысты түсіндірме бергенін айтады. Мәселен, сайлау жарияланған күн – 21 қазаннан бастап бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясына 34 өтініш келіп түсті. Бесеуі – жеке тұлғалардан, 29 – заңды тұлғалардан, оның ішінде 13 – БАҚ-тан. Көтерілетін мәселелердің сипаты бойынша өтініштерді былайша бөлуге болады: 50 пайызы, яғни 17 өтініш «Сайлау туралы» Заңның нормаларын түсіндіру туралы, 17 пайызы – сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру, 12 пайызы – сайлау заңнамасын және ОСК қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар, 21 пайызы – өзге де мәселелер бойынша. Көрсетілген кезең ішінде келіп түскен 34 өтініштің ішінен ОСК аппараты тарапынан 22-сіне белгіленген мерзімде өтініш берушілерге толық жауап берілді. 4-еуі Орталық сайлау комиссиясының құзыретіне кірмейтіндіктен, заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жолданды. Қайта жасалған бір өтініш қараусыз қалдырылды.

БАҚ-тың екі ақпараттық хабарламасы ОСК сайтында орналастырылды. 5 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ. «Дер уақытында ақпараттандырудың мұндай үрдісін халықтың, сонымен қатар саяси партиялардың тарапынан сауал ретінде қабылдап, тұрақты мониторинг режимін қолдана отырып жалғастыру қажет. Соңында ақпараттық қысым мен қандай да бір жағдайды қиыс түсіндірулер орын алмайды. Ал ондай жағдайлар сайлау жақындаған сайын аз болмайтындығы түсінікті», - деді Қазыбек Майгелдинов.

 

Пікірлер