Университеттерге пандемия қалай әсер етті

2161
Adyrna.kz Telegram

20 қараша күні «ADAL BILIM» алаңында «Университеттердегі цифровизация» тақырыбы бойынша тікелей эфир өтті. ҚР БҒМ қарасты «ADAL BILIM» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен шараға қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, білім саласы бойныша сарапшылар қатысып, жоғары білім саласындағы цифрландыру мәселесін талқылады.

КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалымжан Құдайбергенов пандемияға жоғары оқу орындары әр түрлі деңгейде дайын болғанын айтады. Дегенмен университеттер соның арқасында дамудың дәстүрлі тәсілдерін қайта қарастырып, заманауи білімге бір табан жақындай түскенін де атап өтті. Сондай-ақ Ғалымжан Баянқұлұлы қатысушыларға студенттер мен ата-аналар үшін іске қосылған Smart KAZGUU мобильді қосымшасын таныстырды.

«Бүгінде студенттер үйден шықпай-ақ шотындағы балансын өзі басқара алады. Сондай-ақ сабақ кестесін өзі құрып, өтінішті электронды түрде жазады, анықтамалар мен құжаттарды да қолма-қол алуға мүмкіндігі бар. Мұндай қызметтердің барлығы оларға мобильді қосымшаның көмегімен көрсетіледі. "Қаржы" бөлімі арқылы студент өзінің балансын басқарады. Студент немесе ата-анасы балансты толықтыра алады және шотта қанша қалғанын тексере алады. Сондай-ақ студенттерге бір семестр немесе белгілі бір кезең бойынша көшірімін алуға мүмкіндік қарастырылған», - деді Ғалымжан Құдайбергенов.

Мобильді қосымшаның тағы бір артықшылығы, студент кредиттік оқыту жүйесі бойынша өзінің сабақ кестесін құруына болады. Оқытушыны, сабақ уақыты мен күнін де өзі таңдай алады.

Тікелей эфирде өткен талқылауға қатысушылар әрбір жоғары оқу орны білім берудегі классикалық тәсілдер мен цифрландыруды сәтті үйлестіретін қашықтан оқытудың авторлық моделін әзірлеу қажет деген қорытындыға келді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер