Шымкент қаласы мен Түркістан облысында қолма-қол шетел валютасына деген сұраныс тез өсуде, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы 365.info-ға сілтеме жасап.
Атап айтсақ,қыркүйек айында долларды сатып алу-сату көлемі бірнеше есе артқан. Бұл жағдай Шымкентті республика бойынша Алматыдан кейінгі екінші орынға шығарды (59,8 млрд).
Республикалық маңызы бар қалаға іргелес Түркістан облысы мамыр айында валютаны сатып алу көрсеткіші бойынша 11-ші орында еді. Қыркүйекте айында ол бірден бесінші орынға көтерілген. Жалпы сатылым 7,7 млрд-ты құрады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы бес айда Шымкентте доллардың таза сатылымы 5,6 есе, Түркістан облысында 2,3 есеге өскен.
Ақша қайдан келіп жатыр?
Валюта нарығындағы осындай айналым динамикасы жиі болып тұрады. Бұл экономикада халық табысының өсуімен түсіндіріледі. Алайда ресми статистика Шымкент пен Түркістан халқының әлі күнге дейін елдегі ең кедей аймақтың бірі екенін көрсетеді. Мәселен, үшінші тоқсанда бүкіл ел бойынша орташа айлық жалақы 204,330 теңгені құраса, Шымкентте ол 155 006, ал облыста 148 636 теңге болды.
Мамандардың айтуынша, Шымкент (70 202 теңге) пен Түркістан облысы (52 650 теңге) бірнеше жыл қатарынан табысы ең төмен өңірлер қатарына кіреді.
Егер несиелер болса ше?
Халықта шетел валютасын агрессивті сатып алуға жеткілікті қаражат болмағандықтан, банктік несиелер ретінде алынған ақша шетел валютасын сатып алу үшін жұмсалды деп болжауға болады.
Шынында да, қыркүйекте тұтынушылық мақсаттарға арналған несиелердің саны мамыр айымен салыстырғанда әлдеқайда өскен.
Бірақ жалақысы төмен халық тұтынушылық несиелерді доллар сатып алу үшін пайдалануы екіталай.
Мүмкін депозиттер?
Бұл нұсқа да күмәнді көрінеді. Қала тұрғындарының салым көлемі мамыр айынан қыркүйекке дейін 10,4%-ға ұлғайған. Абсолютті мәнде ол 33,9 миллиард теңгені құрайды. Ал Түркістан облысында көрсеткіш 7,8% -ға өсті. Яғни, депозиттен соңғы бес айда шетел валютасын сатып алуға қаржы алынбаған.
Қорыта айтсақ, кімнің қандай қаражатпен шетел валютасын сатып алғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
«Адырна» ұлттық порталы