Шыңғыс МҰҚАН: Бұдан былай мектепте ақша жиналмайды

3264
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс МҰҚАН Facebook парақшасында қала мектептеріндегі жұмысқа тұрудың жүйеленгенін айтты. Әкім орынбасарының айтуынша, білім беру саласындағы бұл тәжірибені өзге облыстар да зерттеп жатыр.

Ол: «Шымкенттің мектептеріне жұмысқа тұруды жүйеледік. Пара бермей жұмысқа тұру мүмкін екенін биыл мұғалім болғандардан сұраңыз, растайды. Тамыз айынан бермен қарай, 349 мұғалімді жұмысқа қабылдадық. Онлайн және офлайн олармен екі рет жүздестім. Бұл тәжірибемізді басқа облыстар да зерттеп жатыр. Бұдан былай балабақша мен колледж қызметкерлерін де осы жүйе арқылы жұмысқа аламыз.

Білім ұйымдарының басшыларын жұмысқа алуды да қатаң талаптарға сай өткізіп жатырмыз. Оған тәжірибелі ұстаздар, қоғам белсенділері мен журналистер куә» - дей келіп, білім беру саласындағы жемқорлық пен мектептердегі ақша жинауға қарсы пікірін де білдірді.

Кешеден бері мектептерде мұғалімдер мен ата-аналардан жиналатын ақша күнтәртібіне шықты. Бүгін таңертең Шымкент қаласындағы мектептердің директорларын ескерттім. Бұдан былай мектептерде ақша жиналмайды. Мектептердегі алым-салым – заңсыз. Заңды бұзған мектеп басшылары заң алдында жауап береді. Ақша жинауға қажеттілік жоқ. Мемлекет білім беру саласын толық қаржыландырып отыр.

Ата-аналар мен мұғалімдерді АҚША ЖИНАУҒА ҚАТЫСПАУҒА ШАҚЫРАМЫН. Ондай жағдай болса, хабарласыңыздар.

Білім беру саласын тазалай алмасақ, сапалы білім туралы айтудың өзі артық. Білім басқармасы, мектеп директорлары, мұғалімдер мен ата-аналар көлеңкелі келеңсіздікке жол бермей, күш-қайратымызды бір мақсатқа жұмылдырсақ, балаларымызға сапалы білім беру жолында күш біріктірсек, Шымкент қаласының білім саласын Қазақстанда алдыңғы қатарға шығаратынымызға сенемін», - дейді.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көрсеткіші 50 пайызға азайғандығы туралы ақпарат талқыланып, көпшілік  назарына іліккен де болатын.

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер