Кеше Шымкент қаласындағы №125 мектептің бірқатар мұғалімі мектеп басшылығының ақша жинайтынына шағымданды. Білім басқармасы шағым бойынша комиссия құрып, қазір тексеріп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН өзінің Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Алдын ала мәлімет бойынша, осыдан үш жыл бұрын мектеп ашылған кезде мектеп ұжымы ақша жинап, мектепке перде сатып алған екен. Одан басқа да шағымдарын тексертіп жатырмыз. Айыптылар жазаланады. Нәтижесі шыққан соң, қосымша хабарлаймын.
Мұндай жағдайдың болғаны жақсы емес, әрине. Бірақ бұл жағдайдың іште қалмай, сыртқа шыққаны жақсы болды. Мектеп директорларының шалыс басқан кез келген қадамы жағдайды түзеуге берілген мүмкіндік. Жаман да болса үйренетін жақсы кейс.
Мектептерде ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жиналмайды. Әкімдік білім саласын толық қаржыландырып отыр. Биылдан бастап Шымкенттің мектептері жан басына қаржыландыру моделіне өтті. Мектеп басшылығы қаржыны дұрыс жоспарлауға тиіс және заң шеңберінде жұмыс істеуге тиіс.
Өз басым, «көрсең – айт» деген қағиданың жақтаушысымын. «Ауруын жасырған өледі» демекші, егер мектептерде ақша жинау секілді заңсыз әрекеттерді көрсеңіз, жасырмаңыз, айтыңыз» деп жазды Шыңғыс Мұқан.