Қазақстанда Ислам академиясын құру жоспарланған

2402
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Дереккөзіне сүйенсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемия кезінде  ауруханаларға жасанды тыныс алу мен оттегі аппараттарын, медициналық құрал-жабдықтар, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізіп, мешіттердің жанындағы тігін цехтарында тігілген бетперделер мен қорғаныс киімдерін тегін таратқан. Сонымен қатар «Ел үлесі – пәтерде» акциясы аясында 314 баспана берілген. Бас мүфти Президентке имамдардың білімін көтеру, кадр даярлау мәселелері жайында баяндаған.

«Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мүфтият алдағы уақытта «Ихсан» ілімін, Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен дәріптеп, насихаттау жұмыстарымен айналысатынын жеткізді. Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы жоспарлары туралы да сөз болды. Атап айтқанда, Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, еліміздегі мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру мәселелері айтылды», - деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын жоғары бағалап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Пікірлер