Елордалық жастар жанынан шыққан жобаларын іске асыруда!

2284
Adyrna.kz Telegram

 

Волонтерлік–қазақтың қанында бар қасиет. Ал қасиеттен айырылу–қасірет. Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» ҚҚ-ы «Волонтерлік бастамаларды қолдау» жобасы аясында 22 белсенді жасқа 300 000 теңге көлемінде қаражат табыстаған еді. Әрине, қаражат жеке-бас қажеттілігіне емес, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді шешуге жұмсалуда. Мәселен, Шаримов Алпамыс есімді жас  «ТАЗАLIKE» жобасын сәтті атқарып, жоба аясында 70 шақты Елорда тұрғындары тазалықпен жұмыстарымен айналысып, жарысты. Жеңімпаз топтар 1,2,3 дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде қаланың көркеюіне көңіл бөлген жастар 2 тонна 40 кг қоқыс жинады.

Ал Керім Бексырғаұлы есімді жастың мүгедектігі бар болса да, Елорда тұрғындарыне тегін массаж, гитара және каратэ үйретуде. Тіпті үйретіп қана қоймай мүмкіндігі шектеулі жандарға гитараны сыйға да тартты.

Ол, ол ма? Үмбетова Нұрдана «Глинотерапия» атты жобаны қолға алып, әлеуметтік осал санаттағы 50 балақайға саз, балшық, кесектен түрлі құмыра, ыдыс-аяқ, ойыншықтарды мүсіндеуге баулып жатса, LIDER.KZ ұйымының жастары жоғалған адамдарды іздестіру және алғашқы медициналық көмек жұмыстарымен айналысуда.

Ал Полина Шут «Мейірімді жүрек» жобасының аясында жан-жануарларға 700 киллограм азық алып, бөліп беріп қана қоймай, науқастанғандарына ем-шара да қолданды.

 

Ең үздік жобаның тағы бір иесі 16 жастағы Мұрат Жәңгір – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап тегін гитара үйірмесін өткізуде. Одан бөлек, ZOOM платформасында ағылшын тілінен дәрістер де жүргізуде. Елордадағы Балалар үйі мен SOS балалар ауылында болып қайтқан ең жас волонтер НЗМ оқушыларымен бірге өз өнерлерін көрсетіп, балаларға гитара аспаптарын табыстады.

Сәлімгереев Аян есімді жас волонтер «Қайырымдылық» жобасын іске асырып, жоба нәтижесінде аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы мүшкіл отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық-химиялық заттар, тәтті-дәмді тағамдармен  қамтамасыз етті.

Осы сынды бірінен бірі өткен жобалар көзі қарақты қауымның көңіліне жұбаныш сыйлары–ақиқат. Ендеше аталған жобаларын алдағы уақытта да атқарар деген сеніммен ерікті түрде қоғамдық ортада ақысыз қызмет етіп жүрген жас волонтерлерге сәт-сапар тілейміз!

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер